ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ТУҒАН ТОПЫРАҚ
Тәуелсіздік. Туған топырақ. Алтын бесік. Үш ұғымның да қазақ үшін мәртебесі биік. Бодандық қамытты бұзып шыққан ел ретінде азат күннің, қарыс қадам аттап шықса көкірегін сағыныш кернейтіндіктен алтын бесіктің қадірін бір білсе, қазақ білер. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Айман Досымбаева араб жазба деректерiнен мысал келтіре отырып, Түркі халықтарының Отанды сүюдегі ерекшеліктерін тілге тиек етті.
«Ертеде жазылған араб жазба деректерiндегi Түркі халықтары туралы мәлімет ойға келді. Онда былай жазылған: түркі халықтарының басты ерекшелігі – Отанды сүюі. Олар қай жерде жүрсе де, Отанын сағынады, тіпті сағыныштан өліп кетуі де мүмкін. Мұндай сезімнің қалыптасуына туған жердің таулары, өзен-көлдерi әcер етеді. Өз елін шексіз сүйетін тұрғындары бар мемлекет гүлденеді. Біз Отанымыз Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін мақтан етеміз. Туған елінің егемендігін қасық қаны қалғанша қорғайтын ұландардың өсіп кел жатқанына сенемін», — дейді ғалым.
Туған жер — ол біздің алтын бесігіміз, кіндік қанымыз тамған жер, анамыз. Адамзатта екі ана болады: жарық дүниеге әкелген анасы және осы дүниеде өз бауырында аунатып өсірген жер анасы, туған жері. Адам баласына туған жер, ел, атамекен, атажұрт, Отан — деген ұғымдар жүрегіне жақын. Атамекен — туған халқының, ұлтының мекен еткен, ата — бабасының қоныс тепкен жері. Туған жер — әр адамның дүние есігін ашып, өмірге келген жері. Адам өмірге келіп, ес жия бастаған сәттен өз болашағына, өткеніне ден қоя бастайды. Адамның болашағы да, өткені де туған жермен тығыз байланыста болады. Халқымыздың туған жерді ардақтау сезімі өте терең, олар үшін туған жерді қадір тұту — қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл таным біздің жанымызға ана сүтімен дарыған.