ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ТҰЛҒА: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰҢҒЫШ ҒАРЫШКЕРІ — ТОҚТАР ӘУБӘКІРОВ

Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы 2 -қазанда Байқоңыр ғарыш алаңынан Союз ТМ – 12 ғарыш кемесімен ұшып, Мир орбиталдық комплексінде өзге ғарышкерлермен бірге сегіз тәулік бойы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Қазанның 10-ында Тоқтар Әубәкіров, Анатолий Арцебарский, Аустрия ғарышкері Франц Фибөк «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен жерге қайтып қонды. Ғарышта болған мерзімі 7 күн 22 сағат 13 минут.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың тұңғыш ғарышкері туралы Twitter-дегі парақшасында былай деп жазды.
30 жыл бұрын қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Байқоңырдан ғарышқа ұшып, тарихи ерлік жасады. Бұл оқиға Қазақстанның ғарышты зерттеу бағдарламаларын іске асыруға негіз болды. Бүгінде осы саладағы жетістіктеріміз халқымыз бен ұлттық экономикамыздың мүддесіне қызмет етеді, – деді Президент.
Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысының Бірінші Май ауылында дүниеге келген. Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағының батыры, Австрияның «Алтын крест» орденінің иегері, Халық Қаһарманы, Отан ордені, Алтын Жұлдыз, «Ғасыр саңлағы», «Қазақтан шыққан Тұңғыш ғарышкер», «Түріктен шыққан тұңғыш ғарышкер» сынды ресми атақ пен марапаттарға ие.
1946 жылы соғыс жаңа бітіп, батырлықты, ерлікті уағыздаған уақыт болатын. Әкесі Оңғарбай мен шешесі Қамия көзге көрініп, көз жұмған 9 ұлдан кейінгі перзентіне «енді осы жаманымыз аман болсыншы» деген ниетпен азан шақырып, Тоқтар есімін беріпті. Ата-анасы ерте дүние салды. Кішкентайынан ата-анасынан айырылғаннан кейін бе, Тоқтар бұйығы, оқшау өсті.
Теміртау құйма механикалық зауытында токарь болды.1976 жылы Мәскеу авиация институтын бітірді. 1979 жылы Мәскеудегі ұшқыш-сынақшысы болды.
1991 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы мені шақырып алып, мынаны айтты: «Біздің жерімізден көптеген ғарышкер ұшып жатыр, бірақ әлі қазақ ұлтынан ғарышкер шыққан жоқ» – деді. Мен ол кезде өзім межелеген дәрежеге жеткен едім. Тәжірибем де мол болды. Нағыз әмбебап сынақшы-ұшқыш дәрежесіне жеттім. Өкінішке орай, ол кезде менің әріптестерімнің бірі өмірден өтіп кетті. Бірі денсаулығына байланысты ұшуға жарамсыз болды. Сол кездегі ең ауыр жұмыстарды атқаратын екі-ақ адам қалдық. Соңғы үлгіде жасақталған МиГ-29, МиГ-31 ұшақтарын басқаратын адам жоқ.
Өзінің ұлты үшін, халқының игілігі үшін, өзі айтқандай, «тапталған қазақ рухын көтеру үшін» дер шағында керек болып тұрған осы ғарыш сапарын неге кешіктіре бергенін Тоқтар Әубәкіров өзі айтып берді.
«Оның себебі мынадай. Мен әр ісімді жол ортада тастап кетпейтін адаммын. Мен өзім кәсіби тұрғыда қанша биікке шықсам да, өзімді әлі де сынақшы-ұшқыш ретінде жоғары деңгейге көтерілдім деп есептемедім. Өзіме көңілім толмады. Әрі қаншама сынақтан өтіп, қаншалықты қиындықпен Микоян дизайн бюросына кіргенімді жақсы білемін. Соны біле тұра, оларды менсінбегендей, осы мамандықты игере алмаған адам секілді болмайын деп сынақшы-ұшқыш тәжірибесін одан ары шыңдай түскім келді. Ең жоғарғы шыңына шыққым келді. Ең үздік сынақшы-ұшқыш атануға тырыстым. Сондай алдыма мақсат қойдым. Бұл ойымды Д.Қонаевқа да, Нұрсұлтан Әбішұлына да айтқан едім.
Алайда 1991 жылы еліміз Тәуелсіздік алардың алдында Жоғарғы кеңес Тәуелсіздіктің алғашқы алғышарттарын жасап, декларация қабылдап жатқан кезде, Қазақ жерінде жасалған ғарыштық құрылымдар, сауыт-саймандардың барлығы да осында қалады деген шешім де шыққан болатын. Дәл осы кезде Нұрсұлтан Назарбаев «Тоқтар ғарышқа ұшуға дайын» деп жариялап жіберді, – деп айтқан болатын Қазақтың тұңғыш ғарышкері.
-Мен Кеңес одағының ең соңғы 72-ші ғарышкерімін. Мен жерге қондым. Менен кейін 16 мемлекеттің ең соңында қалған Қазақстан да өз Тәуелсіздігін алды. Әрине, бұл – тарихи сәт және бір-бірімен өте сәйкес келген сәт. Бұған дейін қалған 14 мемлекет өз-өз жайларына кетіп, құрамда Ресей мен Қазақстан ғана қалған болатын. Мен ұшпасам да, Қазақстан өз Тәуелсіздігін алатын еді. Себебі мен ұшуға дайындалып жатқан кездің өзінде Қазақстан Тәуелсіздіктің алғышарттарын дайындап қойған. Мен 2-қазан күні ұшсам, Қазақ елі 29- тамызда Конституцияны қабылдап, Жоғарғы кеңестің шешімі шығып қойған болатын».

Ескендір ЕРТАЙ