ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ТҰЛҒА: ЖАҚСЫЛЫҚ АҒАНЫҢ ЖЕҢІСІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Намысын қамшылап ту еткен, қарапайым қалыбымен туған елін түлеткен, елін сүйген, елі сүйген нағыз ер Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың өмірі, халқына деген махаббаты әр жасқа үлгі етуге тұрарлық.

Олимпиаданың алтынын олжалап, күллі қазақ бауырларына естен кетпес қуаныш сыйлаған еді. Одан бері де 40 жаз өтіпті. Ағамыз бір сұхбатында «менің чемпион болғанымнан бері 40 жылға жуық уақыт өтті. Менің ендігі арманым – ізбасарымды, өзімнен кейінгі қазақтан шыққан күрестің чемпионын көріп кетсем деймін» дегені бар еді. Өкінішке орай, ол арманы орындалмады. «Елу жылда ел жаңа» десек, қырық жыл да бір елдің спорты үшін аз ғұмыр емес. Қанша буын алмасып, жасамыстың орнын жас басты. Балуандардың бабы келіскенмен бағы жанбай, шын күші жеткен жерге шыдамы жетпей қалған шығар, кім білсін?!

Жақсылық ағамыз осы биікті бағындыру үшін он бес жыл ғұмырын сарп етіпті. Ол жайлы өзі бірде «Жалпы менің спорттық жолым өте ауыр болды. «Не бүгін, не ешқашан» деп ерін жымқырған балуандардың ішінде жұлдыздай жанып жарқырап тұрсаң да жолыңды кес-кестейтіндер табылмайды емес, табылады. Елеп-екшеп көрсек, мен әлемдік күрес көшіне қосылу үшін он бес жыл бойы тер төктім. Ауыр да қиын белдесулерге әзірлену барысында азапты да жанкешті жаттығулардан бір күнім де бос болған жоқ десем, артық айтқандық емес. Мен, ойлап қарасам, он бес жыл бойы қарным бұлтиып тоя тамақ ішпеген сияқтымын. Майлы тамақты былай қойғанда, әсіресе, ұннан жасалған тағамдардан аздап қана ауыз тигенім болмаса, сол уақыттарда үнемі ашқұрсақ жүруге тура келген-ді. Себебі, мен соншама уақыт бойы аса жеңіл – 48 келі салмақ дәрежесінде күрестім. Жауапты белдесулерде жарау аттай тепсініп, кілемге жұтынып шығу үшін өзіңді іштей қайрап, атойлап тұратын әдет бұлжымайтын тәртіп болады» дегені бар еді.

29 жасында Олимпиаданың биігін бағындырып, «болдым, толдым» деген жоқ. Бұл жеңісінің кездейсоқ емес екенін дәлелдеу үшін 30 жасында Әлем чемпионатына қатысып, мұнда да алтынды олжалады. Бұл палуан ағаның тәуекелшіл табандылығының тағы бір көрінісі.

Денсаулығына байланысты спорттан кетуге мәжбүр болды. Әйтсе де, шаруашылық ісін дөңгелетіп, кәсіпке бет бұрды. Жай келмей, мұнда да елге мол жақсылық ала келді. 2000 жаны бар «Мыңбай» ауылын қамқорлығына алып, жарық, жол, газ тартты. Балабақша мен спорт кешенін, жастарға «қолжетімді баспана» салып берді. Екі қолға бір күрек таппай қалаға ағылатын жастардың да қатары сиреді. Күннен күнге көркейіп, келбеттеніп, ажары ашылған ауылдан кім кетсін?! Кейінгі жылдары ауыл халқы 6000-ға жетті. Жері малға жайлы болғандықтан, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр өріп, өрісінің сәні кірді.

Мұның барлығы Жақсылық ағамыздың тынымсыз еңбегі мен «елге жақсылығым тисе» деген ақ ниетіне берген Алланың сыйы болар. 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қолынан «Еңбек Ері» төсбелгісін алып тұрып, «Қазір бір ауылды көркейту үшін барымды салып жүрмін. Қазақстанда 5000 ауыл бар екен, егер мен сияқты 5000 жігіт шығып, ауылдарды көтеріп жіберсе, қандай керемет болар еді» деп айтты.

Осы сөзі бүгінгі кәсіпкер жастарға үлгі болса дейміз. Қазіргі әлемді уысына ұстаған пандемиялық ахуал көп нәрсеге көзімізді ашты. Ел басына күн туған қысылтаяң шақта қымбат киім киюді, бренд көлік мінуді, күн сайын думандатып жиған-тергенін тойға шашу кейінгі орынға ысырылды. Қазақтың еті мен сүті, азығы мен астығына жететін тауар жоқ екенін мойындадық. Ауыл – әр қазақтың айналып соғар алтын қазығы болып қала бермек.

Жақсылық ағамыз 69 жасында қайтпас сапарға аттанды. Осынау саналы ғұмырында азан шақырып қойған атына лайық өмір сүрді. Жүрген жеріне жақсылықтың, ізгіліктің дәнін екті. Бір сұхбаттас болған жан аузынан тастамай айта жүретін қарапайым қалыбы, ел дегенде емініп жүріп сіңірген еңбегі, олимпиадада бағындырған биігі осы «бір жапырақ» қазақты ТАУ ТҰЛҒАға айналдырды.

Алдындағы мақсаты айқын болса кез-келген жан тауды бұзып, тас жарады. Ал, ол тәуекелшілдігіне еліне деген махаббаты мен ұлт намысын ойлаған мықты жігері қосылса Олимптей биік шыңды да бағындырады. Бұған Жақсылық ағамыздың жүріп өткен жолы дәлел.

Нұрила ШЫНӘДІЛОВА.