ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІГІ: СӘБІЗДІ ӨСІРУДІҢ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының ұйымдастыруымен «Инновациялық тәжірибені тарату мен енгізу іс-шараларын жүргізу» бюджеттік бағдарламасы аясында «Шымкент қаласының жасыл белдеуінің сұр топырақтарында сәбізді жалда өсіру технологиясын енгізу» жобасы бойынша семинар-кеңес өтті.
Семинарға ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері және Оңтүстік – Батыс мал жәфне өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты өкілдерінің қатысты. Басты мақсат — Шымкент қаласының жасыл белдеуінің сұр топырақты топырақтарында сәбіздің қарқынды сорттарын өсірудің тарақты технологиясын енгізу, су үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару әдісін ендіру, жылына 2 рет экологиялық таза өнім алу және халықты өзін-өзі жұмыспен қамту болып табылады.
Асханалық сәбіз — жетекші көкөніс дақылдарының бірі. Сәбіз техникалық дақыл ретінде де экономикалық маңызы бар, сонымен қатар дәрілік мақсаттарда және парфюмерия саласында қолданылады.
Бүгінгі таңда қалада 120,0 мың жеке тұрғын үй учаскілері бар. Оның ішінде 60 % қала шетінде орналасқан үй іргелік жерлері бар аулалар. Осы үй іргелік жерлерге инновациялық тәжірибені қолдана отырып, сәбіз, картоп т.б премиум өнімдерін егу арқылы отбасылық табысты арттырып, жұмыссыздық санын азайтуға болады. Алдағы уақытта «Оңтүстік – Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-і сұр топырақтарда сәбізді жалда өсіру технологиясын «BES-TULIK» шаруа қожалығына енгізуді жүзеге асырмақ.