ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІГІ: ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «HALAL EXPO 2021» КӨРМЕСІ ӨТУДЕ
Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында ҚМДБ «Халал Даму» мекемесі және қала әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен «Halal EXPO-2021» көрмесі басталды.
11-12 қазан аралығына жоспарланған «HALAL EXPO 2021» – отандық және шетелдік кәсіпорындарға өз өнімдері мен қызметін ұсынуға мүмкіндік беретін халал индустриясындағы ең үздік көрме.
Халықаралық көрме елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан іс-шараның ашылу рәсіміне қатысып, көрмені аралап шықты.
Халықаралық жәрмеңкеге әлемдік және отандық кәсіпкерлер мен инвесторлар, халал индустриясындағы белгілі кәсіпорындар мен халықаралық сертификаттау органдары қатысуда. Көрмеде азық-түлік, киім-кешек, косметикалық бұйымдар және тағы басқа тауарлар ұсынылады.
Көрмеге 50-ден астам отандық кәсіпорынның өнімдері қойылған. Сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қырғыз елінің де кәсіпкерлері өз тауарларын әкелген.
Қала тұрғындары мен қонақтарын, кәсіпкерлерін аталған көрмеге келуге шақырамыз. Халықаралық көрме екі күнге жалғасады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі