ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: АЛҒАШҚЫ ӘКІМШІЛІК РЕФОРМАЛАР
1994 жыл көптеген аспектілерде бетбұрыс жылы болды. Меморандум ақша-несие және банк жүйелерін түбегейлі реформалауды көздеді. Елімізде жарты жылдан бері ұлттық валюта қолданылып жатқан. Келесі батыл қадам теңге бағамын тұрақтандыру мен жойқын инфляцияны ауыздықтауға бағытталды. Мемлекет қалыптасқан дағдарыс жағдайынан шығудың жалғыз ғана жолы ретінде қаржыны тұрақтандыруға жетуді негізгі міндет етіп ќойды. Біз азаматтарымызға мемлекет өзінің барлық шығындарын, бұған қоса түрлі тікелей және жасырын дотацияларын, субсидияларын, сондай-ақ мемлекеттік органдарды ұстаудың шығындарын қысқартатынын тура айтты. Үкіметтен бюджеттік кірістер мен шығыстарды қатаң бақылау талап етілді. Экономиканың жекелеген салалары мен тармақтарының пайдасын көздеп немесе оларға қысым жасап ықпал етушілік атаулының жолы кесілді. Мемлекеттік бюджет мемлекеттің саяси құралы болып табылатыны, оның корпоративтік, аймақтық және басқа да мүдделер үшін талан-таражға салынбайтыны мемлекеттік деңгейде мәлімделді.
Үкімет үшін екінші бір маңызды мақсат – көлік, энергетика жєне минералдық ресурстар секілді түйінді салаларға шетелдік ірі инвестицияларды барынша көбірек тарту болды. Бұл кезеңдегі тағы бір елеулі оқиға Ұлттық Банктің Жоғарғы Кеңес пен Үкіметке тәуелсіздігі болды. Дәл осы уақытта мемлекеттік аппаратты қысқарту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген шаралар жүргізілді. Кеңес өкіметі кезінде облыстар мен аудандар санын көбейту үшін орталықтан ақша қағу сәнге айналған еді. Бұл мемлекеттік шенеуніктер санын тым ұлғайтып жіберді. Республиканың бірінші басшысы Саяси Бюроның мүшелігінен үміткер болу үшін, Украинадағы секілді,облыстардың санын кемінде 20-ға жеткізу қажет болатын. Бізде олардың саны 19-ға жеткізілген. Кезекте 20-шы облыс тұр еді Бірақ оған үлгермеді. Осының бәрі дотациядағы облыстар мен аудандар санын ұлғайтты. Бірақ та олар экономикалық әлеуеті жағынан да, адам саны жағынан да қойылған талаптарға сай келмеді. Есесіне әр облыста, әр ауданда биліктің барлық құрылымы болды: обком, облатком, облыстық сот, облыстық ІІБ, облыстық халыққа білім беру бөлімі, облыстық денсаулық сақтау бөлімі және солардың аудандық бөлімшелері. Мұндай бюрократтық жеті басты айдаһар кез келген жаңалықты немесе бастаманы оң көрмеді. Дәл сол себепті әкімшілік реформа — қолға алған реформалар шеңберіндегі алғашқы қадамдардың бірі болды.