ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАР ҚҰРЫЛДЫ
Жас тәуелсіз мемлекеттің алдында өнеркәсіп саласын уақыт талабына сай қайта құрып, оны ішкі және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаратын, экономикалық тұрғыда тиімді салаға айналдыру міндеті тұрды. Осынау күрделі міндетті жүзеге асыруға кейінгі онжылдықта жүзеге асқан Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы және сол бағдарламаның аясында ашылған индустриалды аймақтар зор септігін тигізді деп айта аламыз.
Арнайы экономикалық аймақтар жұмыс істеген бүкіл уақыт ішінде олардың аумағында (2002 жылдан бастап 2019 жыл аралығында) 183 жоба іске қосылды, оның 46-сы – шетелдік қатысумен. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 15,5 мың жұмыс орны құрылды.
Барлық арнайы экономикалық аймақтар инфрақұрылымын салуға арналған бюджеттік шығындар 314,3 млрд. теңгені құрады, бұл ретте тартылған инвестициялар көлемі шамамен 975 млрд. теңгені құрады. Индустриялық аймақтарда инвестиция көлемі 183 млрд. теңгеге жуық 168 өндіріс іске қосылды. 8,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Жобалардың басым бөлігі (43 млрд. теңге сомасына 60-тан астам) Шымкент қаласында пайдалануға беріліп, 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақтардың басым бөлігі (7) Түркістан
облысында шоғырланған.
Мұндай индустриалды аймақтың артықшылығы кәсіпорын ашуды жоспарлаған инвестор тек жер телімін ғана тегін алып қоймайды, сонымен қатар ол өз кәсіпорнына электр қуаты, газ, су, жол мен темір жол тұйығын жеткізу мәселесіне де бас қатырмайды. Осындай инфрақұрылымының барлығы әзірленген жер телімін алып, сол жерге өз зауытын сала береді.
Шымкенттегі алғашқы индустриалды аймақ көп ұзамай өзін-өзі ақтай бастады. Алғашқы 5 жылдың өзінде мұнда 35 кәсіпорын жұмысын бастаса, бүгінде бұл көрсеткіш 72-ге жетіп отыр. Индустриялды аймаққа жалпы 62 миллиард теңге инвестиция тартылған. Қазіргі таңда онда 4500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.