ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ҚҰРЫЛУДА

Мықты азаматтық қоғам құру идеясы, оның негізін құрайтын саяси жаңғырту бағдарламасы – реформалардың мемле-кеттік стратегиясының басым бағыттарының бірі. Азаматтардың саяси, қоғамдық және кәсіби бірлестіктерді құру құқық-тары біздің елімізде заңмен қорғалады. Осылайша, біз қоғамдық прогресс, демократиялық даму, экономикалық өсу азаматтардың әлеуметтік өмірінің барлық маңызды салаларына белсенді қатысуынсыз мүмкін емес екенін мойындаймыз.

Н.Ә.Назарбаев

Азаматтық қоғам институттарының дамуы үшін мемлекет бұл процестің жасампаздық сипатта өрбуіне, азаматтардың саяси белсенділік танытуына қажетті жағдайлар жасап, қолдауы қажет. Бұл тұрғыда Елбасының Ел халқына жолдауындағы тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасында үкіметтік емес ұйымдарға қолдау жасаудың мемлекеттік тұжырымдамасы жасалған. Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасуы қоғам өмірін демократияландыру мен құқықтық мемлекет қалыптасуының алғышарты екенін ескерсек, оны мемлекеттік саясат деңгейіне көтеретін уақыт келген сияқты. Яғни үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетудің мемлекеттік тұжырымдамасы жасалып қана қоймай, Президент жанындағы Демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық коммисияның өкілеттілігін кеңейтіп, азаматтық қоғамды қалыптастыру мен оның институттарын шынайы дамыту мемлекеттік саясаттың бір бұтағына айналуда.

Мұндай кешенді іс-шаралар тәуелсіз Қазақстан Республикасының Ата Заңда көрсетілген мұратқа сай құқықтық мемлекет жолында дамуына игі ықпалын тигізері хақ. Қазақстанның саяси жүйесінің демократизациялануы, өркениетті нарықтық экономика мен құқықтық мемлекетті құру үшін азаматтық қоғамның маңызы зор.Бүгінгі күні Қазақстанда азаматтық қоғамның құрылуы үшін керекті институттық негіз жасалған. Осының нәтижесінде құқықтық негізде көптеген ерікті ассоциациялар және ІІІ-ші сектор ұйымдары жұмыс істейді. Бірақ азаматтық қоғамның нәтижелі жұмыс істеуі үшін алдын ала институциялық жағдайлар жасау жеткіліксіз болып отыр.

Азаматтық қоғамның Қазақстанда жетілмеу себептері оның мәдени-әлеуметтік жағдайлардың толық дамуымен байланысты. Қазақстанда азаматтық қоғамның дамуы үшін әлеуметтік эволюция қажет. Әрине бұл азаматтық қоғамның мәдени-әлеуметтік дамуын қол құсырып күтіп отыруын қажет етпейді. Мәдени-әлеуметтік даму уақытқа ғана байланысты емес, ол мемлекеттің, қоғамның және оның институттарының белсенді күш салуына байланысты. Азаматтық қоғамда азаматтардың халықаралық дәрежеде танылған ережелерге сай құқықтары мен бостандықтары сақталып, заң үстемдік етеді. Азаматық қоғам материалдық, қоғамдық, саяси және мәдени тұрғыда жоғары дәрежеде дамыған кезде құқықтық мемлекетке айналады.

Құқықтық мемлекет-конституциялық басқару тәртібі қамтамасыз етілген, шын мәнісіндегі билік бөлінісі мен олардың тиімді қарым-қатынасы мен өзара бақылауы жүзеге асырылған, саясат пен билік құрылымына әлеуметтік бақылау орнатылған, дамыған құқықтық жүйе мен тиімді сот билігі қалыптасқан мемлекеттік құрылым. Құқықтық мемлекеттің негізінде демократиялық жолмен қабылданған заң алдында барлық қоғам мүшелерінің тең саңылауы, заңның халықтың еркін білдіруі және жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз етілуі танылады. Бұл мемлекетте пікір алуандылығы кең өріс алады. Қазақстан Республикасы өзінің саяси жүйенің келешегін құқықтық мемлекеттің қалыптасып дамуымен байланыстырады.

Азаматтық қоғам бір мезетте өздігінен қалыптасатын қоғам емес. Батыс елдерінің тарихына үңілер болсақ, азаматтық қоғам екі жолмен қалыптасқан: мемлекеттің қа­ты­суымен және қатысуынсыз. Мемле­кеттің қатысуымен заңдар жарияланып, демократиялық жүйе дамиды. Мемлекеттің қатысуынсыз қоғамдық-саяси қозғалыстар мен бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық қоғам қалыптастыру ісіне жұмыла кіріседі. Азаматтық қоғамда жеке тұлғалар өзін-өзі таныту мүмкіндігіне ие болып, «адам – қоғам – мемлекет» үштігінің пропорционалды түрде даму үрдісін жылдамдата түседі. Мұндай үрдіс елдің экономикалық-саяси дамуы мен халықтың әл-ауқатының, мәдениеті мен сана-сезім деңгейінің артуымен бірге орнайтын құбылыс. «Адам – қоғам – мемлекет» үштігінің дамуы азаматтардың өз жүріс-тұрысын жеке мүдделеріне негіздеп, әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарау санасын кемелдендіре түседі. Азаматтық қоғамның қалыптасып дамуының алғышарттарына жеке тұлғалардың меншік иесіне айналуы, аза­маттардың тең құқықтылығының орнауы, жеке тұлғалардың құқықтары мен бос­тан­­дықтарының қамтамасыз етілуі жатады. Ал азаматтық қоғамның дамуы барысында экономика саласындағы мемлекеттік емес кәсіпорындар мен бірлестіктер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен ұжымдық шаруашылықтар ерікті түрде бірігу мен бәсекелестік жолына аяқ басып, еркін нарықтық қатынастарға кіреді, сондай-ақ, әлеуметтік салада отбасылар, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар, мемлекеттік емес БАҚ-тар мен өзін-өзі басқару органдары қоғам мүддесін өркениетті жолмен ашық түрде білдіре бастайды. Сонымен қатар, саяси салада партиялар мен қоғамдық-саяси ұйымдар демократиялық қағидаттар мен ұлт дәстүрі үшін күреске кіріседі, ал рухани салада шығармашылық топ өкілдері мен басқа да азаматтық бірлестіктер мемлекеттен және өзге де саяси құрылымдардан тәуелсіз түрде ой еркіндігін, ар-ождан мен сөз бостандығын пайдалана бастайды. Азаматтық қоғамды қалыптастыратын да, сақтап, қорғайтын да ұлт болып табылады. Ұлт қана ұлттық дәстүрдің сақталуын талап ету еркіне ие күш. Сондықтан «ұлт» ұғымын дұрыс түсінгеніміз жөн.