ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: БАУЫРЛАС ТҮРІК ЕЛІНДЕ ТҰСАУЫ КЕСІЛГЕН КІТАП

Қазан айының 22-ші жұлдызынан бері Түркия Республикасының астанасы – Анкара қаласындағы «ATO Congresium» көрме орталығында «XVI Анкара кітап жәрмеңкесі» өтіп жатқандығы туралы хабарлаған болатынбыз. 2005 жылдан бері үзілмей өткізіліп келе жатқан бұл беделді кітап фестиваліне еліміз арнайы «Қонақ ел» ретінде қатысып отыр. Осы орайда Тәуелсіздіктен кейінгі интеллектуалды қазақ поэзиясының өкілі, белгілі талантты ақын Бауыржан Қарағызұлының «Галстук» атты жыр жинағы түрік тіліне аударылып, бүгін Анкара қаласында тұсауы кесіліп отыр. Тұсаукесер салтанатына Түрік елінің әртарапынан келген қаламгерлер мен оқырмандар, сондай-ақ, Анкара қаласындағы еліміздің төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы қатысты.

Ақын Бауыржан Қарағызұлын былайғы оқырманға таныстырып жатудың өзі артық. Ол поэзияға үлкен дайындық, биік потенциялмен келген. Әлі де сол арыны мен шабысын ақсатпай, өзін-өзі жаратқан жүйріктей алысқа шабатынын айғақтап келеді. Тәмәм түркі жұртының астанасында шығып, қазақ өлеңінің мәртебесін асқақтатып жатқан кезекті кітабы да соның дәлелі. Кітапқа ақынның таңдаулы елу өлеңі кірген. Кітапты түріктің белгілі шайыры Ашур Өздемир аударған. Кітаптың алғы сөзін әдеттегідей аға буын өкілі емес, бүгінгі поэзиямыздың жас перісі, ақын Файзулла Төлтайдың жазуы да тым жарасымды. Сонымен қатар «Галстук» жыр кітабына Бауыржан Қарағызұлының замандас қаламдастарының шағын пікірлері де топтастырылған. Руханиятымыздағы айтулы жаңалықты өздеріңзбен сүйіншілей бөлісе отырып, кітапқа хақында ақындардың айтар ойын ұсынып отырмыз.

Әсілі, әрбір қаламгердің қаламынан шыққан туынды антогенетика мен филогенетиканың синтезінен тұрады. Яғни, қаламгер – синтездеуші. Қолыңызға алып отырған кітаптың авторы қазақ топырағында болған исламдық, конфуциандық және шығысхристиандық өркениеттер мен тарихи толқулардың синтезі деуімізге құқылымыз. Ал синтездің нәтижесі болған өнерді бағалау һәм бағамдау Сіздің еншіңізде, құрметті оқырман!

Өнер – сызықтың үстінен сызық жүргізу. Әр автор белгілі бір сызық үстінен түрлі сызық жүргізеді. Маңыздысы әуелгі не қазіргі сызықта да емес, маңыздысы өнердің өзінде. Яғни, сызықтың үстінен сызықтар жүргізуінде. Мысалы, әлемді бір-бірімен қақтығысқан, соғысқан және төтеп берген күштердің алаңы деп білген преСократик философтардың бірі Анаксимандра адамдар әуелде балыққа ұқсайтыны жайлы айтады. Енді осы бір сызылған сызықтан (сөйлемнен) өнер туатын болса, мынадай синтездерге тап келеміз:

Бұдан былай іздеме енді, іздеме енді теңізді.

Қайықтарды тербететін толқынды да іздемен!

Ол теңіздің балдырлары – ағаштар ғой ең ізгі

Көк аспанның астындағы балықтармыз – біз деген.

Бұл – модерн грек әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, Нобель сыйлығының иегері Иоргос Сеферистің өнер туындысы. Байқағанымыздай, Анаксимандраның сызған сызығының үстінен жүргізілген екінші сызық өзімен бірге жаңа бір ой жетелеп келеді. Ал осы жаңа бір ой екінші бір әуелгі сызықтың өзі болуы да ықтимал. Бірақ бұл дегеніміз Анаксимандраның «әуелгі сызығына» үшінші бір сызықтың жүргізілмеуі деген сөз емес. Яғни, үшінші… сызық та – өнер.

Біз үшінші сызық ретінде (бәлкім, реттілік қате) мексикалық ақын, Нобель сыйлығының иегері Октавио Пастың төмендегі «Жаяу» атты өнер туындысын келтірелік:

Ол,

Себастия бульварындағы

үлкен бір нөпірдің ішінде кетіп бара жатты,

ойына мың батпан жүк арқалап;

кенет, қызыл бір жарық тоқтатты оны.

Октавио Пастың синтезінен туған осы бір өнер туындысындағы біз аңғарар ең үлкен дүние, «балықтың» уақыт шеңберінен шығып үшінші сызыққа (мекенге) өтуі. Бәлкім бұл сызық әуелгі сызықтың бойында болмаған қасиеттерді оятуы бек мүмкін немесе керісінше. Қалай десек те, әр сызықтың бойында архетиптің жоғалып кетпегенін сеземіз. Сезгенімізбен біле алмаймыз. Бірақ бізге білудің де маңызы жоқ. Себебі әрбір өнер туындысы бізді білуге емес, сезуге үйретеді.

Көріп отырғанымыздай, бір сызықтың үстіне сызылған бірнеше сызықтар – жалпыадамзаттық өркениеттер тоғысының синтезі деп айта аламыз. Яғни, кез-келген өнер туындысы белгілі бір ұлтқа, нәсілге, тілге, ділге бөлінбейтінін айғақтайды. «Көк аспанның астындағы балықтар» мен «сұр шатырлармен иық тіресіп ұшып жүрген күміс балықтың» немесе «өзінің аспанында ұшып жүрген балықтардың» өз сызықтарында қандай сипатқа ие болатынын әр автордың ішкі синтезі мен оқырманның сезімі ғана анықтайтын болады. Осы синтездер мен сезімдердің өзара тоғыспауы яки тоғысуы жаңа бір сызықты (өнерді) жаратуы мүмкін.

Құрметті оқырман, Сіз бұл кітаптан жоғарыда келтірген сызықтар секілді исламдық, конфуциандық, шығысхристиандық және т.б. өркениеттер мен тарихи толқулардың синтезінен пайда болған көптеген сызықтарды кезіктіре аласыз. Бұл сызықтар – автордың сізге ұсынған өнер туындылары. Әуелгі сызықтармен иық тіресе алатын жаңа синтездер әлеміне қош келдіңіз! Мархабат!

Файзулла Төлтай,

Ақын, adebietportal.kz