ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: «ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА» БАҒДАРЛАМАСЫ

«Дипломмен — ауылға!» бағдарламасының үздіксіз жұмыс істеп келе жатқанына он жылдан асты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламаға бөлінетін қаражатты 20 млрд теңгеге ұлғайтуды тапсырды. Оның бірден-бір себебін ауылдық мектептерде педагог кадрлардың жетіспеушілігімен байланыстырды.

Жолдауда «Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Бағдарламаның басты мақсаты ауылдық елді мекендерге мамандар ағынын арттыру еді. Мәселен, бағдарлама қолға алынғанға дейін ауылдық елді мекендерде жұмыс жасауға жыл сайын 3300-ге жуық маман ғана бел буса, кейін бұл көрсеткіш 6 мыңға жетті. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласының мамандары бар. Бұл ретте, ауылда өмір сүріп, жұмыс істеуге келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары барын да тілге тиек ете кету қажет.

Әлеуметтік қолдау деп отырғанымыз – бірыңғай көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік несиелер. Айтайық, аталған бағдарлама бойынша 2016 жылы 2892 маманға 8,6 млрд. теңге, 2017 жылы 3412 маманға 11 млрд. теңге, ал, өткен 2018 жылы 3786 маманға 13,7 млрд. теңге бөлінді.

Осы күні бағдарлама аясын кеңейтіп, оған моноқалалар мен шағын қалаларды енгізу керек деген пікір де жиі айтылып келеді. Себебі, шағын қалаларда да білікті маман мәселесі күн тәртібінен түспей отырғаны белгілі. Мәселен, осы жылдың өзінде облыс аумағындағы шағын қалаларда орналасқан бірнеше денсаулық сақтау мекемелеріне дәрігерлер тартылып, қызметтік пәтер кілттері берілуде.