ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ЕЛ МЕРЕЙІН КӨТЕРГЕН БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕ

Осыдан дәл он жыл бұрынғы уақыт, яғни, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Қазақстан спорты тарихына алтын әріппен жазылды. Осы жылы  Астана мен Алматыда    тұңғыш рет  VIIҚысқы Азия ойындары өтті.  Білген жанға  Олимпиада, Универсиада және Азиада сияқты араға жылдар салып өткізілетін спорттық ірі форумдар көрінген елдің қолында кете бермейді. Мұндай мәртебелі ойындар,    бірнеше кезеңнен тұратын сынақтар мен  арнайы байқаудан сүрінбей өткен ел ғана лайық деп танылады.  Сондай мәртебеге ие болған еліміз  2011 жылы VII  Ақ Азиада ойындарын абыроймен атқарып,  жарыс қорытындысы бойынша   Қазақстан құрамасы командалық бірінші орынды иеленді. 

Қазақстан  — Қысқы Азия ойындарын қабылдаған төртінші мемлекет. Бұған дейін төртжылдықтың ең ірі форумы Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореядан алыстаған емес. Екіншіден, Ақ Азиада ойындары тұңғыш рет  екі  қалада өткізілді. Тағы бір ерекшелігі,  Қазақстандағы ойындардан бастап,   Азиаданың меншікті алау оты пайда болды. Ең бастысы,  Азияның шартарабынан жиналған үміткерлер бүгінгі заман талабына жауап беретін тамаша спорт кешендерінде сайысқа түсті.  Ашылу салтанаты ұйымдастырылған  “Астана Арена” стадионы, “Алау” мұзайдыны, “Қазақстан” спорт сарайы, республикалық велотрек, Алматыдағы Балуан Шолақ сарайы, таудағы әйгілі “Медеу”,  халықаралық трамплиндер кешені, “Шымбұлақ”тау базасы, “Табаған” , Сарбаздар сайындағы шаңғы-биатлон кешені қазақ халқының иігілігіне айналды. 

Спорттың  11 түрін қамтыған Ақ Азиада ойындарының  телекөрсетілімін 500 миллион көрермен тамашалағаны көп жайдан хабар берсе керек.  Бағымызға орай  туған  жердегі  Азиада да жерлестеріміз ерледі.     1996 жылдан бері Азиада көрігін қыздырып келген еліміздің ұлттық құрамасы тұңғыш рет жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленді. Сонымен   VII Қысқы Азия ойындарының нәтижесі бойынша 32 алтын, 21 күміс және 17 қоламен — барлығы 70 медаль жинаған Қазақстан  Азиада тарихының жаңа бетін жазды.  Екінші орынға 13 алтын, 24 күміс және 17 қоламен Жапония табан тіресе,  Корея спортшылары 13 алтын, 12 күміс және 13 қоламен үздіктер үштігін түйіндеді. Жалпы,  Азиадаға қатысқан 24 елдің  тек сегізі ғана медальға ілікті.