ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДАҒЫ ОҢ СЕРПІН

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс деп атап өтілді. Жолдауда жастардың барлық санатын қолдаудың толық кешенді шараларын
қамтитын әлеуметтік лифтілердің кең платформасын құру тапсырылды.

Осыған байланысты Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік дағдылар мен біліктілікті меңгерудің тиімді жүйесін құруға, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауды қоса алғанда, еңбек делдалдығының тиімді моделін құруға, сондай-ақ «Жастар –ел тірегі» ұлттық жобасының кешенді іс-шараларын іске асыруға бағдарланған.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік қолдау
жүйесін одан әрі дамытуға баса назар аударылды, сондай-ақ іс жүзінде мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалғаны аталды. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындау үшін «Еңбек» бағдарламасы жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру, сондай-ақ көпбалалы аналарды үйде айналысуды қоса алғанда, микро және шағын бизнеске тарту жөніндегі ережелермен толықтырылды.

Қазақстанның еңбек нарығында соңғы 10 жылда (2008 – 2018 жылдары) оң серпін байқалады. 2008 жылмен салыстырғанда жұмыс күші санының 8,6%-ға өсуімен бірге жалдамалы жұмыскерлердің саны 27,2%-ға ұлғайтылды. Жұмыссыздардың саны 114 мың адамға және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың саны 575 мың адамға азайды.