ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ҒАРЫШҚА ҰШҚАН ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫ
1994 жылдың 1 шілдесі еліміз үшін тарихи күн. Бұл күні «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз ТМ-19» кемесімен Талғат Мұсабаев алғашқы ғарыш сапарына аттанды. Осы сапарда қазақ ғарышкері 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жетістіктерінің бірі. Бұл күн тәуелсіз Қазақстан тарихында мәңгі сақталатыны анық. Қазақтың перзенті алғаш рет ашық ғарышқа шықты. 126 тәулікке созылған сол сапарында ол ашық кеңістікте 11 сағат 7 минут өткізген.
Ғарышкердің өзі мұны мақтаныш тұтады. Сол сапарға дейін қаншама дайындықтан өтті. Ашық кеңістікке шығу мүмкіндігі ғарышкерлердің шамамен 15% ғана беріледі. Мұны біреу білсе, біреу білмейді. Ал жерге оралғанға дейін талай сыннан өтуге тура келеді. Ғарышкерлер бірнеше рет ажалмен бетпе-бет кездесуі де ғажап емес.
Талғат Мұсабаев жұлдыздар әлеміне бұдан кейін 1998 жылы ұшып, сол жақта 29 қаңтардан бастап 25 тамызға дейін болды. Бұл жолы оған «Кристалл-1» атағы берілді.Сапар барысында Мұсабаев ашық ғарышқа бес рет шықты.
2001 жылы «Союз ТМ-32» кемесінің командирі ретінде ұшып, ғарыш әлемінде 28 сәуірден бастап 6 мамырға дейін болды.
Қазақстан тарихында үш қазақ ұлы ғарышқа ұшты. Алғаш рет ғарышқа ұшқан қазақ баласы — Тоқтар Әубәкіров болды. Ол 1991 жылдың 2 қазанында сапарға аттанды. Халық қаһарманы 45 жасында ғарышкер атанды. Ал, Кеңес одағының батыры деген жоғары атақты 1988 жылы алды. Ғарышкерге бұл мәртебе, зор қуаныш дыбыстан да шапшаң ұшатын, мүлде жаңадан жасалған, әлі сынақтан жөнді өтпеген, тағдыры беймәлім «МиГ» ұшақтарын сынауды және оларды кеме палубасына қондырып, одан ұшып шығуды қамтамасыз еткені үшін берілген.
Ғарышты бағындырған үшінші қазақ — Айдын Айымбетов. 2015 жылы 2 қыркүйекте 2-бортинженер ретінде транспорттық пилоттанған «Союз ТМА-18М» кемесінде ЭП-18 саяхаты аясында Байқоңыр ғарыш станциясынан Халықаралық ғарыш станциясына аттанды. Айдын Айымбетов ғарышта он күн болып, маңызды зерттеулер жүргізген болатын. Халықаралық ғарыш станциясынан оралған Айымбетовті президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі күтіп алды.