ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: «ҒАСЫР КЕЛІСІМШАРТЫ»
Қазақстан тәуелсіздік алумен бірге орасан зор проблемаларға, соның ішінде тәуелсіз Қазақстан экономикасын алға сүйреуші – мұнай өндірісі саласына инвесторлар тарту мәселесіне тап болды.
1991 жылдың бірінші тоқсаны аяғында «Шеврон» компаниясы мен «Теңіз-мұнайгаз» бірлескен кәсіпорындар құру туралы келісім жобасы мен алдын-ала жасалатын техникалық-экономикалық негіздемені дайын етті. Бұл ТЭН мен жобаны КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің сарапшылар тобы қарастырып, бекітуі керек болатын. Алайда техникалық қана емес, басқа да қиындықтар туындады.
1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен «Шеврон» корпорациясы арасында «Теңізшевройл» бірлескен кєсіпорнын құру жөніндегі ынтымақтастық принциптері туралы Хаттамаға қол қойылды, соған сәйкес «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны 1993 жылдың 1 қаңтарынан Теңіз және Королев кен орындарын одан әрі игеруге кірісетін болды. Сонан кейін Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1992 жылдың мамыр айы аяғында АҚШ Президенті үлкен Джордж Буштың шақыруы бойынша Америка Құрама Штаттарына тұңғыш ресми сапармен барды. Сапар барысында АҚШ Президенті Дж. Бушпен, Мемлекеттік хатшы Дж. Бейкермен, Қорғаныс министрі Р. Чейнимен, Қаржы министрі Н. Брейдимен, Ауыл шаруашылығы министрі Э. Мэндиганмен, АҚШ Конгресінің сенаторларымен, «Шеврон» корпорациясының директор-басқарушысы К. Деррмен кездесулер болды.
«Менің өмірлік тәжірибем көрсеткендей, келіссөздердің әу басында-ақ әріптестермен жекелеген, достық әрі сенімділік қатынастар орната білу өте маңызды. АҚШ-қа барған алғашқы сапарымыздың барысында біз солай істедік. Осы сапар кезінде біз екіжақты келісімдерге, соның ішінде сарапшылар «ғасыр келісім шарты» деп атаған, Қазақстанның Теңіз және Королев мұнай кен орындарын игеру жөніндегі «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны туралы құрылтайлық келісімге қол қойдық», деп жазды едбасы өз кітабында.
1993 жылдың 6 сәуірінде Алматыдағы «Достық үйінде» Елбасы және «Шеврон» корпорациясының директор-басқарушысы Кеннет Дерр екеуінің қатысуымен болашақ келісім шарттың негізгі параметрлері ескерілген, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы Келісімге қол қойылды. Сол күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының қызметі туралы» Жарлыққа қол қойды.