ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫ

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. АХҚО құру туралы Конституциялық заңға 2015 жылы 7 желтоқсанда қол қойылған болатын. Бүгінгі таңда АХҚО қаржы орталықтарының жаһандық индексінде 102 орталықтың арасында 51-орында тұр. Сонымен бірге, АХҚО «Шығыс Еуропа және Орталық Азия» өңір рейтингісінде 1-орын алғанын атап өткен жөн. Жұмысын бастағаннан кейін көп өтпей әлемнің 26 елінен 258 компанияя тіркелген.

Еуразия кеңістігінде алғаш жұмысын бастаған бұл халықаралық ірі жоба бастауы қалай еді? Сонау 2004 жылы елімізде қаржы орталығын құру туралы алғаш бастама көтеріліп, сол бойынша кешенді іс-шаралар қолға алына бастаған еді. Себебі, Қазақстан сол кездің өзінде-ақ қаржылық хабқа айнала алатын әлеуетін көрсеткен болатын. Арнайы агенттік те құрылды. Үкімет пен Ұлттық банктің назары осы шараға мейлінше бағытталды. Бірінші кезекте Алматы өңірлік қаржы орталығын дамыту жоспарына басымдық берілді. Алайда 2008-2010 жылдары белең алған әлемдік қаржы дағдарысы салдарынан әлсіреген экономикалық ахуал оған мүмкіндік бермеді. Ең бастысы, саяси шешімнің болмауының салдарынан тәуелсіз сот, ағылшын құқығы секілді ойлар жүзеге асырылмады.

Бүгінгі халықаралық қаржы орта­лығы мен сол кездегі өңірлік қаржы ор­та­лығының айырмашылығы жер мен көктей. Бұл – бір-бірінен бөлек стратегия, мүлде өзгеше бизнес-жоба. 2015 жылдың желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихи бастама – «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтер көрсететін халықаралық дең­гейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. 

Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіліп, қаржы орталығының ресми тілі ағылшын тілі болып белгіленді. АХҚО-ның негізгі міндеттері қаржылық қызмет саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына тікелей шетел инвестицияларын тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады.