ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ҚАРЖЫЛЫҚ ДАҒДАРЫСТЫ ЕҢСЕРУІ

Еліміз небәрі  30 жылдың ішінде қандай қиындыққа да төтеп беруді, заманның сын — қатерлеріне
лайықты жауап қайтаруды үйренді. Осы уақыт аралығында біздің экономикамыз 16 есеге өсті.
Барлық қалалар мен облыстар, аудандар мен ауылдар бірдей қарқынмен қарыштап дамуда.
Ешқандай да кедергі бізді табысты да дербес дамудың мүмкіндігіне ие болудан, өзіміз таңдаған
тура жолдан тайдыра алмады.
Біз өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының аяғында дүниені тітіренткен «Азия дағдарысының» соққысына да жасыған жоқпыз. 2007-2009 жылдардағы әлемдік экономиканың төтенше құлдырауына
жауап ретінде Дағдарысқа қарсы бағдарламамызды табысты жүзеге асырдық. Ол біздің дағдарыстан
шығар тиімді кілтімізге айналды.
Көптеген дамыған мемлекеттер әлеуметтік шығыстарын азайтуға, өндірістерін жабуға мәжбүр болды.
Ал Қазақстан жаһандық дағдарыс жылдарының өзінде зейнетақы мен бюджет саласы қызметкерлерінің
жалақысын өсірді.
Біз нақты жаңғырту міндеттерін жүзеге асырып келеміз. Экономиканы үдемелі индустрияландыру
шарасының аясында соңғы 4 жылда 780 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 250-ге жуық жаңа өнім түрлері
шығарыла бастады. Бүгінгі таңда әлемнің 111 мемлекеті қазақстандық кәсіпорындардың дайын өнімдерін сатып алады.