ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАЙТЫН ҚОҒАМ
Кәсіпкерлікті қолдау — ел экономикасының негізі. Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне мемлекет тарапынан аз көңіл бөлінбейді. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету үшін бес мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға және бизнестің билікпен арадағы іс-қимылдарының жаңа моделін құруға бағытталған “Жеке кәсіпкерлік туралы” Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыруды көздейтін айтарлықтай салықтық жеңілдіктер заңдық деңгейде қарастырылды. Оның сыртында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және салық салуды жақсарту жөнінен үлкен жұмыстар атқарылды. Мәселен, осылайша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, шағын және орта бизнесті жеделдете дамыту шаралары жөнінде бағдарламалар әзірленіп, салық заңына түзетулер енгізілді. Бизнесті құру жолындағы көптеген бюрократтық кедергілер біртіндеп алынып тасталуда. Соңғы жылдардың өзінде ғана лицензияланатын 350-ге тарта саналуан қызмет түрлері қысқартылды. Кейбір лицензияларды беру ісі өңірлік деңгейге ауыстырылып, процедуралар айтарлықтай оңайлатылды. Кәсіпкерлік бойынша уәкілетті орган – жеке кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын және жеке кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жұмыстарын үйлестіретін орталық атқарушы орган.
Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік бойынша орталық атқарушы орган келесідей жұмыс түрлерін атқарады:
1) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік саясатын жүргізу;
2) жеке кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларын әзірлеп жүзеге асыру;
3) шағын кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың мемлекеттік шараларының жүзеге асырылуын ұйымдастыру және үйлестіру;
4) жеке кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу мен қаржыландыру шараларын жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу;
5) кәсіпкерлік ортаға, инвестициялық ахуал мен жеке кәсіпкерлікті дамыту инфрақұрылымына талдау жасау;
6) жеке кәсіпкерліктің әрекет ету сфераларын зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру;
7) ҚР Үкіметіне жеке кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауды қамтамасыз ететін нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу мен ұсыну;
8) республика аймақтарында шағын кәсіпкерлік инфрақұрылымының қалыптасуы мен дамуына ықпал ету;
9) шағын кәсіпкерлік аясында мамандарды даярлау, қайта даярлау және квалификациясын жоғарылату жүйесін қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
10) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғауға бағытталған ҚР заңнамасының орындалуын қадағалау;
11) жеке кәсіпкерлікті дамыту бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды ведомство аралық үйлестіруді жүзеге асыру;
12) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы экспертті кеңестердің әрекетін үйлестіру;
13) шағын кәсіпкерліктің инновациялық, инвестициялық және индустриалды дамудың мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысуына жағдай жасау;
14) шағын кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша инвесторларға, халықаралық грант беруші ұйымдарға жағдай жасау;
15) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне әдістемелік көмекті ұйымдастыру;
16) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне халықаралық нарыққа шығуға жағдай жасау;
17) жеке кәсіпкерлікті дамыту аясында халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету;
18) жеке кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау бойынша мемлекеттік саясатты пропагандалау;
19) ҚР Үкіметі мен Президентіне жеке кәсіпкерлік субъектілерінің әрекетін регламенттейтін ҚР заңнамасының бұзылуы туралы ақпарат беру.
Шағын және орта бизнес — ел экономикасын алға сүйрейтін негізгі салалардың бірі де бірегейі. Оның үстіне, әлемдік экономикаға интеграцияланып, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруді ниет еткен Қазақстан үшін бұл саланы дамытудың қаншалықты маңызды екенін ұғыну қиын емес. Сондықтан да кәсіпкерлікке қолдау қажет.