ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ИСЛАМ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ҰЙЫМЫНА ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТУІ
Еліміздің 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымының сыртқы істер министрлігі Кеңесіне төрағалық етуі мемлекетіміздің ЕКЫҰ-на төрағалық еткен соң, көпқырлы дипломатияны жалғастыруға, мұсылман әлемі елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуге және республиканың беделі мен рөлін күшейтуге деген ұмтылысы болып табылады.
«Қазақстан үшін Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етудің тарихи маңызы өте зор. Бүгінде бейбітшілік, ынтымақтастық және даму үшін Ислам конференциясы ұйымының қажеттілігінің арта түскендігі бәрімізге белгілі. Бұл ұйым 4 құрлықтағы 57 мелекетті біріктіретін ислам әлемінің өзіндік Біріккен Ұлттар Ұйымы міндетін атқарып отырған бірегей құрылымы болып саналады», — деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар қазіргі уақытта аумалы-төкпелі әлемдегі өте күрделі қатерлермен бетпе-бет келіп отырғандығын баса айтқан Н.Назарбаев: «Ислам әлеміне бейітшілік, жаңғыру, ғылыми-техникалық даму және білім ауадай қажет», — деді.
Ислам Конференциясы Ұйымы әлемде БҰҰ-дан кейінгі екінші ірі халықаралық саяси ұйым болып табылады. Қазіргі кезде жер шарындағы тұрғындардың төрттен бірі мұсылман. Мұсылман елдеріндегі тұрғындардың жалпы саны 1,532 миллиард адамды құрайды екен. Бұл – жер шарындағы тұрғындардың 22,9 пайызы. Ал Қазақстан адам саны жағынан ИКҰ-ға қатысушы елдер арасында – 23, әлем елдері арасында 62-ші орында тұр. Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттер аумақтарында табиғи ресурстардың аса мол қоры жатыр. Нақты мәліметтер бойынша, оның көлемі әлемдегі запас қордың 65 пайызын құрайды. Ұйымға қатысушы елдер, сондай-ақ әлемде өндірілетін шикізаттың 45 пайызын өндіреді.
Еліміздің осындай аса ірі халықаралық ұйым төрағалығына сайлануы Ұйымға қатысушы мемлекеттердің елімізге көрсетілген жоғары сенімі болып табылады. Бұл жоғары сенімнің түп негізінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесінде елімізде салтанат құрған этносаралық татулық, саяси тұрақтылық, дінаралық және конфессияаралық келісім жатыр. Сонымен қатар, тәуелсіздік таңы арайлап атқаннан бергі кезеңде табысты жүзеге асырылған реформалар жатыр. Осының барлығы жинақтала келіп, бір арнаға тоғыса келіп, Қазақстанды бүкіл әлемге танытты, танытумен бірге күллі әлемге мойындатты. Қазақстан Республикасы ИКҰ-ға мүше мемлекеттер ішінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен тұңғыш мемлекет ретінде тарихта қалды. Мұны мұсылман әлемі зор мақтанышпен қолдады, қуаттады. Еліміз сол үдеден шыға білді. Ал Қазақстан ИКҰ-ға төрағалығы кезінде бірқатар ауқымды іс-шараларды өткізуді қолға алды.