ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МОДЕЛІ ҚАЛЫПТАСТЫ
Егемендіктің алғашқы жылдарында алға қойған маңызды мақсат — елдің ішкі бірлігін бекемдеп, ынтымағын сақтай отырып, Мемлекеттік Туымыз бен Елтаңбамызды, Әнұранымызды сайлап алып, басты заңымыз – Конституциямызды бекіту еді. Бүкілхалықтық референдум арқылы біз бұл міндетті ойдағыдай атқара алдық. Тұтас ел болып жасаған алғашқы қадамдарымыздың арқасында зеңгір көгімізде еркіндігіміздің белгісіндей Көк байрағымыз желбіреп, әуенімен түгел жұртты ұйытқан Әнұранымыз шарықтап тұрды. Осының өзі халқымыздың рухын бір серпілтіп, азаматтарымызға өздерінің азат елдің айбынды ұландары екенін сезіндіріп, болашақ жолындағы жасампаз еңбекке ынталандыра түсті.
Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында халқымыздың құрамы көпұлтты еді. Оның Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі депортацияға, тың жерлерді игеруге байланысты объективті себептері де болды. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабында жазылған: «Шамалғанда алуан түрлі ұлт пен ұлыстың басы түйіскен еді… жер аударылған балқарлар, чешендер, немістер, месхет түріктері, қарашайлар, курдтар. Солардың бәріне қазақтар үйінен ығысып орын тауып, баспана берді. Біздің үйдің бір қанатында балқарлар тұрған еді», деген жолдарға тоқтала кеткім келеді.
Осындай кең пейіліне, қонақжай көңіліне орай кең-байтақ жер бұйырған Қазақ елінің келешегін көре алмаған кейбір сәуегейлер сол тұста «Қазақстан көп ұзамай ұлтаралық ұрыс майданына айналады» деп болжам жасап жатты. Бірақ Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында ішкі қырқысқа, қан төгуге жол берілген жоқ. Ұлтаралық қатынастар саласында басқа елдерде баламасы жоқ бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, түрлі диаспора өкілдерін ортақ Отанымыздың игілігі үшін ынтымақты жұмысқа жұмылдыра білді.
Әрбір этностың тілі мен дәстүрін, мәдениетін дамытуға жағдай жасалды, діни бостандығына кепілдік берілді. Олар топтасып тұратын мекендерде ұлт тілінде оқытатын мектептер, кей жерлерде жексенбілік мектептер ашылды. Ұлттық орталықтар құрылды. Қазақстандық қоғамдық келісім мен патриотизмнің өзгеше үлгісі қалыптасты. Ішкі бірлігіміз бен татулығымыз нығая түсті.