ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: КӨТЕРІЛГЕН ТҰРМЫСТЫҚ ДЕҢГЕЙ

Тәуелсіз Қазақстанның «2050 Стратегиясында» әлемнің ең бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру мақсаты қойылған. Бұл міндет тек қана экономикамен шектеліп қоймайды, адами ресурстарға қатысы бар білім беру, денсаулық сақтау, экология, сая-сат, қоғамдағы тұрақтылықты қамтиды. Осының барлығын жинақтай келе соңғы нәтижеге қол жеткіземіз. Мемлекет – бұл ең алдымен адамдар. Мемлекет бәсекеге қабілетті болуы үшін оның адамдары, біздің қоғам бәсекеге қабілетті болуы керек. Сондықтан да біздің басты қам-қарекетіміз және назарымыздың басты нысаны қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін көтеру болып табылады.

2003 жылдан бастап күнкөріс минимумы тұрақты түрде өсіп отырды және дағдарыс жылдарына қарамастан 2003 жылғы 6 457 теңгеден 2014 жылдың басында 17 789 теңгеге дейін, 2,8 есеге артты. Ең төменгі еңбекақы – қызметкердің қарапайым, біліктілікті қажет етпейтін, қалыпты еңбек жағдайында, бір айлық қалыпты еңбек мерзімінде жасаған еңбегі үшін төленетін ең аз еңбекақы төлемі. Ең аз еңбекақы – барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар үшін міндетті мемлекеттік әлеуметтік кепілдік.

Кез келген қоғамда адамды оның еңбегі үшін құрметтейді. Әркім өз игілігі үшін еңбектенсе – елдің әл-ауқаты да арта түседі. Бүгін біздің мемлекеттің алдында негізгі үш міндет тұр: тиімді оқыту және жұмыспен қамту жүйесін құру, ауылды жерлердегі кәсіпкерліктің дамуына жәрдемдесу және Қазақстанның индустриялық болашағы құрылып жатқан жаңа өнеркәсіп орталықтарына қиналмай көшіп бара алатындай қазақстандықтардың жинақылығын арттыру.