ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: МӘДЕНИ ДОСТЫҚТЫ ДӘРІПТЕДІ
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде Қазақстан мен Индонезияның балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Менің елімнің мәдени мұрасы» атты халықаралық байқауын қорытындылаған көрмесі өтті. Мазмұнды іс-шараны Елбасы кітапханасы, Қазақстанның Индонезия Республикасындағы елшілігі, Индонезия Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі, Индонезия Республикасының Ұлттық кітапханасы және Нұр-Сұлтан қаласындағы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы ұйымдастырды.
Жобаның негізгі мақсаты – балаларды Қазақстан мен Индонезияның мәдениеті мен шығармашылығымен таныстыру, сондай-ақ олардың жеке әрі шығармашылық әлеуетін ашуға жағдай жасау. Байқау қорытындысы бойынша 60 үздік жұмыс іріктеліп, көрмеге қойылды.
Көрменің ашылуында Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат қатысушыларды байқаудың маңызы тура айта келіп: «Бұл іс-шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Индонезия Тәуелсіздігінің 76 жылдығына арналды. Қос елдің балалар мен жасөспірімдер жұмыстарының көрмесі екі мемлекет арасындағы мәдени ынтымақтастық пен құндылықты, достық қарым-қатынасты көрсетеді. Байқауға қатысқан қос елдің талантты жас буынын құттықтай отырып, оларға жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!» деп ізгі лебізін білдірді.
Одан кейін Қазақстанның Индонезия Республикасындағы елшісі Данияр Сарекенов бейне – жолдау жолдап, Қазақстан мен Индонезияның ортақ тұстары көп екендігіне тоқталды. «Біздің елдеріміз – азаттық алған жылдар ішінде қоғамдық және этносаралық келісімді сақтап, нығайта алған көпұлтты мемлекеттер. Жас буынның жұмыстарынан осы құндылықты аңғаруға болады. Байқауға қатысқан жастар барын салды, олардың бұл еңбектері жоғары бағаға лайық» десе, Индонезия Республикасының Қазақстандағы экс-елшісі Рахмат Прамоно балалар өз шығармашылығы арқылы Отанға, бейбітшілік пен достыққа деген сүйіспеншілікті дәріптейтін әлемнің елшілері екенін атап өтті.
Индонезиялық қатысушылар мен жеңімпаздар, сондай-ақ Индонезияның Джакартадағы Ұлттық кітапханасы іс-шараға Zoom бейнебайланыс арқылы онлайн қатысты.
Айта кетейік, Қазақстан мен Индонезияның балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Менің елімнің мәдени мұрасы» атты халықаралық конкурс маусым айында жарияланған. Екі елдің 400-ге жуық балалары мен жасөспірімдері өз жұмыстарын Қазақстанның немесе Индонезияның дәстүрлері; Қазақстанның немесе Индонезияның аңыздары, фольклоры; Қазақстанның және Индонезияның көрікті жерлері, Қазақстан мен Индонезия арасындағы достық пен Қазақстан немесе Индонезияда тәуелсіздік күнін қалай атап өтемін тақырыптары аясында жолдаған.
Көрме аяқталғаннан кейін балалардың туындылары 2021 жылдың желтоқсан айында Индонезияның Джакарта қаласындағы Ұлттық кітапханасында көпшілік назарына ұсынылады.
Іс-шара соңында аталған байқаудың біздің елімізден топ жарған жүлдегерлері марапатталды.
А. ЕСЕНЖОЛ