ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: МЕДИЦИНА САЛАСЫН АЯҚҚА ТҰРҒЫЗҒАН 6 БАҒДАРЛАМА

Отыз жыл. Көп мерзім бе, аз мерзім бе? Тарих үшін, әрине қас қағым сәт. Ал елдің дамуы тұрғысынан алғанда, бұл ұзақ уақыт. Осы жылдарда еліміздің медицина саласы аяқтан тұрып қана қоймай, қарыштай даму кезеңінен өтті.

Медицина саласында 91-жыл­дары адамды емдейтін жағдай болмады. Дәрі жетіспейді, көптеген құрал-жабдықтар жоқ еді, ең азы хи­рургтердің тігетін жібіне дейін болмады. Қаржыландыру болған жоқ. Енді біз осы жағдайлардан қалай шықтық? Елбасының «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы» деген бағдарламасы болды. Ол 1997 жылы қабылданды. Міне, біздің экономиканың, соның ішінде медицина саласының дамығаны осы стратегиямен тікелей байланысты. Егерде бүгінде сол стратегияны алып оқып, жасалған ша­руаларды қарасаңыз, онда осы уақытқа дейінгі көрсетілген жоспарлардың барлығы да орындалғанын көреміз. Стратегияны қабылдағанда, әрине ол кезде қаражат жоқ, жағдай қиын, эко­номика дағдарыста, біреулер тү­сінді, біреулер түсінбеді, ал енді біреулер оған сенбеді. Бірақ уақыт өте келе Стра­тегияда жазылған құжаттар, жос­парлар, барлығы да іске асты. Қаражат та сол құ­жатқа сәйкес жұмсалды. Тіпті, ел аста­насының осында көшіп келуі, оның одан ары қарай дамуы, тіпті басқа об­лыстарға локомотив болуы осы Страте­гияның арқасы, оны жасап шығарған, жүзеге асуын ұйымдастырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы деп білемін.

Осы «Қазақстан – 2030» Стратегия аясында көптеген мемлекеттік бағдар­ламалар қабылданды. Медицина сала­сында осы 30 жылда бес жылдық алты бағдарлама қабылданды. Ең бірінші 1997 жылы «Халық денсаулығы» деген бес жыл­ға арналған бағдарлама болды. Со­ның ішінде ең бірінші мақсат медицина саласын бір жүйеге түсіру еді. Одан ке­йінгі тағы да бес жылға арналған бағдар­лама қабылданды. Оның мақсаты ары қарай дамыту, реформалау болды. Үшін­ші қабылданған бағдарлама «Саламатты Қазақстан» деп аталды. Мінеки, мем­лекет уақытылы қабылдаған 6 бағдар­ламаның арқасында, біз осындай жетістікке жеттік.