ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: САРАБДАЛ СЫРТҚЫ САЯСАТ
Бүгінде біздің еліміз бүкіл әлемдік қоғамдастыққа өзінің әлеуметтік-экономикалық табыстарымен танымал, белсенді сыртқы саясатымен жоғары халықаралық беделге ие болды. Алайда басқа да бұрынғы кеңестік елдер сияқты бұдан 15 жыл бұрын жұмыссыздық деңгейі жоғары және өмір деңгейі төмен ел болған еді.
Тарих өлшемімен алғанда осынау қысқа мерзімде елде қандай өзгерістер болды? Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін қысқа мерзімнің ішінде геосаяси кеңістік жүйесінен өз орнын табуы, өзінің ұлттық-мемлекеттік мүдделерін қалыптастыруы, сыртқы саяси басымдықтарының бара-бар жүйесін құруы және сыртқы саяси стратегиясының негіздерін қалауы тиіс болды. Көптеген шетелдік және отандық сарапшылар бұл міндеттер елдегі күрделі кезеңде оны Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаруының арқасында ойдағыдай шешілді деп санайды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ең жоғары деңгейде тікелей өзі орнатқан байланыстар отандық сыртқы саясаттың қалыптасуының маңызды міндеттерін шешуге көмектесті. Басты мақсат ретінде Президент Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы стратегиясын ойдағыдай жүзеге асыру үшін қолайлы сыртқы жағдайларды қалыптастыру мен ұстап тұрудың жолдарын қарастырды. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саяси бағытының негізгі ұстанымдарын Президент 1992 жылы «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасу және даму стратегиясы» атты еңбегінде айқындады, онда халықаралық аренада ҚР сыртқы саясатының бейбітшілік сүйгіш бағыты жарияланды: «Кез келген әскери жанжал апатты салдарларға әкеп соғатынын түсіне және өз жауапкершілігін сезіне отырып, бейбітшілікті сақтау Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдықты мақсаты деп танимыз; саяси, экономикалық және басқа да мақсаттарға қол жеткізудің құралы ретінде соғысқа немесе әскери күштер қаупіне жол бермейміз; ядросыз мемлекет мәртебесін алуға және ядролық қаруды таратпау шартына қосылуға ұмтыламыз; жаппай қырып-жоятын қаруларды бірінші болып қолданбау ұстанымын қуаттаймыз және осы міндеттемелерді барлық әлемдік қоғамдастық мемлекеттері қабылдауын жақтаймыз; белгіленген шекаралардың мызғымастығы ұстанымдарын, басқа мемлекеттердің ішкі ісіне араласпауды қолдаймыз».
Қазақстан қас-қағым сәтке де осы бағытынан айнымай, әлемдік аренадағы өз орнын еркін иемденіп келеді. Бейбітсүйгіш елдің тірлігі берекеге толы.