ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА 20 ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ
Шымкент қаласында мемлекеттік білім беру бағдарламасы табысты жүзеге асып жатыр. Биылғы жаңа оқу жылында қалада 20 жаңа мектеп ашылып, 2 мектептің қосымша корпусы аяқталды. Осылайша мегаполисте апатты мектептер жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға азайды. Жыл соңына дейін тағы 4 жаңа мектеп ашылады
Барша ұстаздар мен шәкірттерді Білім күнімен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтаған қала басшысы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отырған бірінші сыныптың бүлдіршіндеріне сәттілік тілеп, оларға әліппе табыстады.«Биылғы жаңа оқу жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында басталғалы отыр. Тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласының білім саласы үлкен жетістіктерге жетті. Осыдан отыз жыл бұрын қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп болса, қазір 233 мыңнан аса оқушы оқитын 203 мектеп бар. Биылғы оқу жылында қала мектептері 233 879 оқушымен бастағалы отыр. Өткен жылмен салыстырғанда 8 мың оқушыға көп. Оның ішінде 25 мың оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр», — деді әкім өз құттықтау сөзінде. Әкім балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептер видео бақылау жүйсімен жабдықталып, турникеттер қойылып, дабыл батырмалары орнатылғанын, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келетінін айтты. Сонымен бірге жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 263 кабинет, 178 интерактивті тақта орнату жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтылған пән кабинеттер үлесі 32,5%-дан 65%-ға жетті. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.