ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ЖАҢА САПАҒА КӨТЕРІЛГЕН МӘДЕНИЕТ

Тәуелсіздік кезеңінің басты жетістіктерінің бірі қазақ халқының мәдениетін, сондай-ақ Қазақстанда мекендейтін басқа этностардың мәдениеті мен дәстүрлерін жаңғырту және одан әрі дамыту болДы. 1990-2000 жылдар Қазақ ұлттық мәдениеті тарихындағы жаңа кезең болды. Осы жылдары Наурыз мерекесі мен музыкалық-поэтикалық суырып салма өнері – ақындар айтысы қайта жанданды. Жалпы Қазақстан үшін бұл кезең оның сан алуан мәдениетінің жаңа сапасының қалыптасуымен ерекшеленді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының біріне айналған мәдениетке ерекше көңіл бөлді. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ халқы мен республиканың басқа да этностары өздерінің салт-дәстүрлерін кеңінен дамытуға мүмкіндік алды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 1995 жылы мәдени-ағарту мекемелері 180 мыңға жуық түрлі мәдени іс-шаралар өткізген. Музыкалық ұжымдардың репертуарында және театр сахналарында қазақ тарихы, тұлғалары басты тақырыпқа айналды. Абай Құнанбаев, Құрманғазы Сағырбай ұлы, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Жамбыл Жабаев, Мағжан Жұмабаев және т.б. мәдениет қайраткерлерінің мерейтойларына арналған фестивальдер өтті. Абайдың 150 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында республикада 156 жаңа театрлық қойылым өтті.

Музыкалық өнерді одан әрі дамытуды және орындаушылардың шығармашылық өсуін ынталандыру мақсатында халықаралық фестивальдар мен конкурстар өтті. Алматыда «Азия дауысы», «Үкілі домбыра», «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны», «Жас қанат» байқаулары және басқа да мәдени-бұқаралық іс-шаралар өтті.

Тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістіктерінің бірі мәдени мұраны жаңғырту және дамыту болды. Мемлекеттің мәдениет саласындағы саясаты Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында», «Қазақстанды егемен мемлекет ретінде құру және дамыту стратегиясы», «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» және т.б. еңбектерінде көрініс тапты. Отарлық саясаттан зардап шеккен қазақ мәдениетінің дамуы қоғамның жалпы әлеуметтік-мәдени және адамгершілік тұрғыдан жандануына, сондай-ақ Қазақстанда тұратын этностар мәдениетінің дамуына, халықаралық өзара байланыстардың нығаюына ықпал етті. Тәуелсіздік жылдары ондаған этно-мәдени орталықтар, шығармашылық ұжымдар құрылды.