ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДА: НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКА НЕГІЗІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

1991-1992 жылдары Қазақстанға, бұрынғы КСРО-ның иелігінде болған, өз аумағындағы дүние-мүлік қайтарылды. 1991 жылдың маусымында ҚазақКСР-нің «Мемлекетсіздендіру мен жекешелендіру туралы» заңына қол қойылды, ал қыркүйекте соған сәйкес Мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Ол сауда мен қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет және коммуналдық шаруашылық салаларындағы жекешелендіруді, сондай-ақ ұсақ кәсіпорындарды, автотранспорт, ауыл шаруашылығы және басқа да кәсіпорындарды жеке қолға беруді білдіретін.
Н.Назарбаев «Қазақстанды тәуелсіз мемлекет есебінде қалыптастыру мен дамытудың страгиясында» барлық мемлекеттік активтердің 60-70 проценті жекеменшікке өтуге тиісті деген міндет қойды. 1993 жылдың басына қарай 5 мыңға жуық объект жекешелендірілді.
Жекешелендірудің екінші кезеңі – бұдан кейінгі мемлекеттік меншіктегі объектілерді ақшаға сату сияқты нарықтық қадамдарға негіз дайындады. Кәсіпорындарды акционерлендіру және корпоративті басқаруды енгізу жөніндегі жұмыстар белсенді түрде жүргізілді. Қаржылық-өнеркәсіптік топтар мен холдингтер құрылды.
Жекешелендіру жаңа экономикалық қарым-қатынастарға негіз салды және одан арғы реформалардың тірегі және қозғаушы күші есебіндегі орта тапты қалыптастырды, сондай-ақ инвестициялық әлеуеті жеткілікті ірі корпорациялардың пайда болуына ықпал етті.