ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДА: ҰЛТҚА ПАЙДАСЫ ТИГЕН ҰЛТТЫҚ БАНК
Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы декларациясы қабылдана салысымен, мемлекет өзінің банк жүйесін қалыптастыруды бастады. 1990 жылдың 7 желтоқсанында Қазақ КСР Мемлекеттік банкі – жоғарғы деңгейде, ал төменгісінде коммерциялық банктер мен басқа да несие мекемелері тұрған қосдеңгейлі жүйенің негізін қалаған «Банктер мен банк қызметкерлері» туралы заң шықты.
1991 жылдың 20 маусымында Қазақ КСР Мемлекеттік банкі мемлекет меншігіне өтті және Ұлттық мемлекеттік банк болды.
Жаңа заң коммерциялық банктердің жылдам өсуіне екпін берді. 1991 жылы олардың саны 70 болса, келесі жылы 150-ден асты, ал 1993 жылы 230-ға жуықтады. Дегенмен солардың көпшілігі тұтыну мен ипотекалық несиелеу немесе қаржы лизингі сияқты толыққанды қаржы жұмысымен айналыспады. Тұрғындардың қаржысы мүлдем дерлік банк жұмысына тартылмады, нақты өндіріс несиені өте сирек алды.
1993 жылдың 13-14 сәуірінде Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер мен банк қызметі туралы» жаңа заңдар қабылдады.
Дегенмен Ұлттық банк мәселесін шешудің сәті тек 1995 жылы ғана түсті. 1995 жылдың 30 наурызындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» Жарлық Ұлттық банкті тек Президентке ғана бағынышты етті және сол арқылы оны әр тараптан жасалатын саяси қысымдардан қорғады. Тәуелсіздік алған Ұлттық банк сол жылдың өзінде инфляция қарқынын төмендетіп, оны 56 процентке дейін азайтқан қатаң монетарлы саясат жүргізе алды.