ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫ ТҮРЛЕНГЕН АРЫС ТЕМІРЖОЛЫ
Арыс қаласы – теміржолшылар қаласы. Ал теміржол дегеніміз – Кеңес үкіметі кезінде мемлекеттің ішіндегі мемлекет болатын. Өйткені теміржол еліміздің экономикасының күретамыры, сол себепті мемлекет тарапынан бұл салаға ерекше қамқорлық жасалатын. Теміржол мекемелерін ауыз сумен, жылумен, коммуналдық қызметпен қамтамасыз ететін өздерінің – кәсіпорындары бар. Теміржолдың ОРС-НОД деген мекемесінің дүкендері, асханалары бар, теміржол клубтары, ауруханалары, мектептері бар.
Теміржолшылардың айлығы да жоғары. Алайда, Арыс қаласы – бір жағы Арыс өзені, бір жағы теміржол, осы бір кішкентай қуыста орналасқан. Айналаның бәрі Бөген ауданының аумағы болғандықтан, қалаға келетін де, қаладан шығатын да автожолдардың барлығына аудан МАИ бекеттерін орналастырып,
қалаға қарай шөп-жем және т.б. халыққа керекті тауарлар тасымалдауды қиындатып жіберген. Тұрғындардың басым көпшілігі қазақтар. Олар мал ұстайды, оған жем-шөп керек, жайылым керек. Бөген ауданы тарапынан жайылым да бөлінбеген, жем-шөп, т.б. нәрселерді МАИ бекеті арқылы тексеріп, жібермейді. Осы жағынан арыстықтар қиыншылық көреді екен. Екі аудан қосылғаннан кейін мен осы жағдайды зерттей келе тұрғындардың жағдайын жақсарту үшін үлкен бір жиында аудандық милиция бастығына қарата: «Бәріміздің негізгі мақсатымыз – халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету. Ауыл өзін-өзі қамтамасыз етумен бірге қаланы да қамтамасыз ету керек. Арыс пен Бөген аудандарын біріктіргендегі мақсат – ауыл мен қаланың әлеуетін біріктіріп, ауылдық аймағы бар қаланың экономикасын дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру болатын. Осыған байланысты егер де осы қалаға келе жатқан машинаның ішінде жем-шөп болып, оны бір милиция ұстайтын болса, ол милиция жұмысынан кететін болсын, соны ескертіп қойыңдар. Өйткені Арыс қаласына келетін жем де, шөп те, басқа өнімдер де осы халыққа келеді, халықтың жағдайын жақсартуға келеді. Жем-шөп болса, малын
асырауға керек, ұн, астық болса, халыққа керек», – дедім. Содан кейін Арыс қаласына келетін автомашиналарды тексеру тоқтатылып,халықтың жағдайы жақсара бастады. Мен басшылық жасаған кезде қала халқының саны 50 мыңдай еді.
Сол халықты азық-түлікпен, ауыз сумен қамтамасыз ету, әл-ауқатын көтеру, экономикасын жақсарту үшін көп тер төгуге, ізденуге, жоғары басшы орындардың алдына мәселе қоюға тура келді. Соның ішінде әсіресе теміржол басшыларымен қоян-қолтық жұмыс істеп, екі жаққа да тиімді шараларды іске асыру арқылы қала
тіршілігін жандандыра түсіруге көп жұмыстар істелінді. Мысалы, теміржолшылар 8 сағат жұмыс істейді. Қалған уақытта олардың қолы бос. Сондықтан неге қосалқы шаруашылықпен шұғылданбасқа? Арыс өзені түбімізде, өзенге сорғы қояйық, оны табуға теміржол мекемелері көмектессін. Жер берейік, сол жерге
картоп, пияз, көкөніс ексін, сөйтіп азық-түлікпен өздерін-өздері қамтамасыз етуге әрекеттенсін. Бір жағы саяжай есебінде демалыс болады, екінші жағынан балаларды еңбекке тәрбиелеуге мүмкіндік туады, үшінші жағынан қосымша азық-түлік қоры жасалады, төртінші жағынан артылса, базарға шығарып сатып пайда
табуға болады. Осындай ұсыныспен мен Қазақ теміржолының бастығы Нығметжан Қабатайұлы Есенғаринге арнайы бардым. Кеңінен тон пішетін, түсінігі бар білікті басшы екен. «Өте дұрыс! Толығымен қолдаймын, мен бұйрық беремін», – деп мені бірден қолдады. Содан кейін жұмыс алға жылжи бастады. Кейіннен
сол қосалқы шаруашылықтың, көкөністің, бау-бақшаның есебінен Арыстың базары азық-түлікке толып кетті. Халықтың жағдайы жақсарды, көп нәрсе арзандады. Арыс қаласының төңірегіндегі тұрғындар да қаладан өздеріне керекті ауылшаруашылық өнімдерін алып жатты. Оның үстіне барлық совхоздардың өндіретін өнімдерін апта сайын орталыққа жәрмеңке ұйымдастырып, халыққа сата бастадық. Осының барлығы бұрын қысылып отырған, тек айлыққа қарап отырған Арыс қаласы жұмысшыларының, қызметкерлерінің, жалпы халқының жағдайын жақсарта түсті.
ҚУАНЫШ АЙТАХАНОВ,
ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ.