ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАҚ
1990-шы жылдардың екінші жартысында бұқаралық ақпарат құралдарының нарығы тұрақталды. Жаңа басылымдар ашылды, ал кейбіреулері бәсекелестікке төтеп бере алмай, өз жұмысын тоқтатты, алайда олардың жалпы саны өзгеріссіз қалды деуге болады (1996 жылы 670 газет пен журнал шығарылатын, ал олардың саны 1999 жылы 668 болды). 1996–1997 жылдары Үкімет мемлекеттік БАҚ, полиграфиялық кәсіпорындар мен баспаханаларды жекешелендірді. Сол кезде ақпарат нарығында жаңа бағыт – жарнама пайда болды. 1997 жылдан бастап ақпараттық сала мемлекеттік тапсырыстармен жұмыс істеуге тартыла бастады, бұл бұқаралық ақпарат құралдары нарығына оң әсерін тигізді. Мемлекет жүйелі түрде бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе әрекет етіп, БАҚ әр алуандығын, сондай-ақ елдің әлемдік және аймақтық ақпарат кеңістігіне енуіне мүмкіндік беретін дәйекті ақпараттық саясат жүргізе бастады. Технологиялық индустрияны дамыту, өнімі мемлекеттік саясат пен шынайы қоғамдық үдерістермен үндес келетін басылымдар мен телеарналарды құру және қолдау маңызды міндет етіп қойылды.
Ақпараттық дамудың жаңа кеңістіктерін 1995 жылы қабылданған Спутниктік телевизияның мемлекеттік бағдарламасы айқындап берді. 1996 жылдан бастап Қазақстанда (Intelsat жүйесі спутниктерінің негізінде) спутниктік телевизияның ұлттық жүйесі құрыла бастады. Шеткері аудандарда жер серігінің сигналдарын қабылдайтын жерүсті стансалары орнатыла бастады. Қалаларда кабельді телевизия жүйесі кең қолданысқа енді. Телекөрермендер ондаған отандық және шетелдік телеарналарды көруге мүмкіндік алды.
Н.Назарбаев 1997 жылы «Біртұтас ақпараттық кеңістікті қалыптастыру туралы» Жарлыққа қол қойды. Оның мақсаты – Қазақстанның кез келген азаматының ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз ету болатын. Талантты журналистерді ынталандырып, шығармашылық ізденіске дем беру үшін 1997 жылы БАҚ саласында Қазақстан Республикасы Президентінің сыйақылары мен гранттары тағайындалды. Дәл сол жылы 28 маусымда ел тұңғыш рет Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнін атап өтті. Аталмыш кәсіби мерекеге бұл датаның таңдалуы кездейсоқтық емес-тін. 1991 жылы тура осы күні «Баспасөз және өзге де бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң қабылданған болатын.
Онжылдықтың екінші жартысында Қазақстанда жастар арасында өте көп қолданылған алғашқы интернет-кафелер ашыла бастады. Дүниежүзілік желіде домендік .KZ (Казнет) аймағы пайда болды. Жүздеген сайттар ашылды. Газеттер мен телеарналар өз интернет нұсқаларын құра бастады. Ірі компаниялар, білім беру мекемелері, мемлекеттік органдар дүниежүзілік желіде өз парақшаларын ашты. 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты – Prezident.kz жұмыс істей бастады. 1999 жылы Қазақстанда шамамен 12 мың Интернет желісі абоненттері тіркелді.
«Қазақстан-2030» стратегиясында заманауи коммуникация түрлерін тарату мен олардың Қазақстанның дамуындағы маңызы деген мәселеге ерекше көңіл бөлінді: «Телекоммуникациялар нарықтық тетіктер қызметін ақпарат алуды кеңейту мен олардың берілуін жүзеге асыру арқылы қуаттап отырады». Мемлекеттің коммуникацияларды дамыту инновацияларын қолдауының арқасында, қазақстандықтардың кәсіби, қоғамдық және күнделікті өмірі осы кезеңде жаңа серпінге ие болды.