ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ОРТА БІЛІМДІ ДАМЫТУ

Қаржылық қиындықтарға қарамастан, мемлекет барлық қазақстандықтардың тегін орта білім алуына кепілдік берді. Бұл ретте ақылы оқуға негізделген жекеменшік мектептердің ашылуына жағдай жасалды. 1994 жылы бүкіл елде небәрі 18 осындай мектеп болды, оларда тек 1 мың адам білім алды. Төрт жылдан кейін мектептер саны он есе артты, ал оқушылар саны 18 мыңнан асып түсті. Заманауи ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы орта білім беру жүйесін жаңғыртуға ықпал етті. 1997 жылдан бастап оқушылар компьютерлік сауаттылықты меңгеруге қол жеткізді. 1998 жылы мектептерді компьютерлендіру мен бірыңғай білім беру ақпараттық ортасын дамытуға жауапты арнайы ғылыми-әдістемелік орталық құрылды. Жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытатын мектептер, сондай-ақ дарынды балаларға мектептен тыс білім беретін оқу орындары көбейе түсті. 1996 жылдан бастап мұндай мектептерге бюджеттен қосымша қаражат бөлініп тұрды. Кәдімгі мектептердің орнына гимназиялар мен лицейлер құрылды (1996 жылы рес публикада 122 гимназия және 96 лицей, 1999 жылы – 131 және 104 гимназия мен лицей жұмыс істеді). Әлемдік білім беру стандарттарына сай, бірлескен оқу орындары желісі қалыптаса бастады. 1996 жылы елде қазақ, түрік және ағылшын тілдерінде білім беретін 28 қазақ-түрік лицейі жұмыс істеді. Ел аумағында дарынды балаларды іздеп табу, олардың қабілеттерін дамытуға жағдай жасау – ел болашағын ойлаудан туған игілікті қадамдар еді. Мемлекеттік маңызы бар бұл міндетті шешу жүйелі іс-қимылды талап етті. 1998 жылы республикалық олимпиадалар мен оқушылардың ғылыми жарыстарын өткізумен айналысатын республикалық ғылыми-тәжірибелік «Дарын» орталығы ашылды.

Үздіксіздік пен сабақтастық ұстанымы бойынша құрылған білім беру жүйесінің төрт деңгейі болды, ол – мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, міндетті орта, жоғары кәсіптік және жоғары оқу орнынан кейінгі білім. Мазмұндық тұрғыдан білім жалпы және кәсіби болып бөлінді. Жалпы орта білім үш сатыдан тұрды: бастауыш (1–4 сыныптар), толық емес орта (5–9 сыныптар) және толық орта (10–11 сыныптар). 1999 жылы Қазақстанда 8,1 мың мектеп жұмыс істеді, мұнда 3,1 миллион бала білім алды. Бастапқы және орта кәсіптік білім беру жүйесі үшін 1990-шы жылдар жаппай өзгеру кезеңі болды: жаңа мүмкіндіктерді қуана қабылдай отырып, білім беру жүйесі оқыту нысандары, оқу орындары құрылымдарына байланысты және т.б. тәжірибелік ізденістерге барды. 1996 жылға қарай кәсіптік білім берудің үздіксіз жүйесінің маңызды буыны – колледж болды. Колледждер өзінің дәстүрлі қалпында (орта арнайы оқу орны), сондай-ақ жаңа қалыпта (университет немесе жоғары оқу орны базасында) жұмысын жалғастырды. 1990-шы жылдардың соңына қарай елдегі бастапқы кәсіптік-техникалық мектептер мен колледждердің саны төрт жүзден асты. Жаңа оқу жоспарлары аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып құрылды және бір-бірінен айырмасы да осы болды, сонымен қатар өндірістік тәжірибенің үлесі барлық жерде бірдей болды (оқу уақытының 45 процентіне дейін). Жаңа экономика талабына сәйкес кәсіп түрлері көбейді. Жеке сервисті ұйымдастырушы, кәсіпкер, фермер-жалгер, ЭЕМ операторы мамандықтарына дайындау басталды. Қазақстанның орта білім беру жүйесі бірте-бірте 1990-шы жылдардағы дағдарысты жеңді және туындаған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, дамудың жаңа деңгейіне көтерілді.