ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ: ШЫМКЕНТТІК ЗЕЙНЕТКЕР ТҮРКІСТАНҒА ВЕЛОСИПЕДПЕН ЖЕТПЕК
Шымкенттік зейнеткер Түркістан қаласына экологиялық таза көлікпен жетпек. 81 жастағы Кеңесбек Сейдінбекұлы бұл сапарын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап отыр. Белсенді ақсақалды перзенттері, немере-шөберелері мен қалалық спорт басқармасының өкілдері, жастар шығарып салды.
Зейнеткер Түркістан қаласына Темірлан, Қызыл көпір, Шәуілдір елдімекендері арқылы жетуді жоспарлаған. Жолай Қажымұқан кесенесіне соғып, жергілікті тұрғындармен жүздеспек. Осылайша 220 шақырым жолды велосипедпен басып өтіп, Түркістан қаласына сенбі күні жетуді көздеп отыр.
– Велосипед теуіп келе жатқаныма 70 жылдан асты. 10 жасымда әкемнің інісі Жолымбек велосипед сыйлап, ақ батасын берген еді. Содан бері салауатты өмір салтын ұстанамын. Жастар да белсенді болса екен деймін. Ал басты тілегім – Шымкент сияқты ірі қалалардың халқы жергілікті басшылардың бастамасымен әр жексенбіні велосипедке арнап, бұқаралық спортпен айналысса, – дейді Кеңесбек ақсақал.
Жиһанкез ең алғашқы алыс сапарына 2001 жылы шыққан. Түркістанның 1500 жылдығына орай Өзбекстан, Түркменстан, Иран, Ирак, Кувейт арқылы Мекке-Мәдинаға 63 күнде жеткен. 2003 жылы Қазақстан-Ресей жылына орайластырып Шымкенттен Мәскеуге барса, 2016 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Шымкенттен Ауғанстан астанасы Кабулға екі дөңгелекті көлігімен жеткен екен. Ал 2017 жылы «ЭКСПО» құрметіне Шымкент–Астана бағытын бағындырған.
Н.БЕКТАЕВ
ФОТО Серік Қосаев.