ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ: ДӘСТҮРДІ ЖАҢҒЫРТҚАН «АСЫЛ ӘЖЕЛЕР»
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №66 «Қазығұрт» жалпы орта білім беретін мектебінде «Асыл әжелер» тобының құрылғанына 5 жыл толуына орай «Ел іші – өнер кенші» атты шығармашылық кеш болып өтті. Аталмыш шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.
Кештің негізгі мақсаты — қазақтың ұлттық қолөнерін, дәстүрін жас ұрпаққа мұра етіп қалдыру, дәріптеу. Шығаршылық кешке депутаттар, Нұр Отан партиясының белді мүшелері, Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазығұрт ардагерлер кеңесінің төрағасы және орынбасары, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қалалық әжелер алқасының төрайымы қонақта болды.
Тағылымды шарада мектеп жанынан құрылған «Аналар және әжелер» ұйымы мүшелері және мектеп директоры Е.К.Нурсейітов басқарып отырған әкімшілік ұжымы жылы лебіздерін білдірді. Барлығы «Асыл әжелер» тобына деген жүрек жарды тілектерін білдіріп, алғыстарын жаудырып, құрметтерін көрсетті. Келушілер «апаларымыз ұрпағымен мың жасап, осындай ұрпаққа өнеге болатын іс-шаралар жалғасын таба берсін» деген тілектерін жеткізді.