ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ: «КӨРҰҒЛЫ» ДАСТАНЫНЫҢ ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ ЖЫРЛАҒАН НҰСҚАСЫ ТҮРІК ТІЛІНЕ АУДАРЫЛДЫ

Жамбыл нұсқасы дастанның бірнеше нұсқасының ішіндегі ең көркемі саналады.
ХVI халықаралық Анкара кітап жәрмеңкесі аясында «Көрұғлы» дастанының Жамбыл Жабаев жырлаған нұсқасы түрік тіліне аударылып, Анкарада таныстырылды. Түркияның 400-ден астам ірі баспа үйі, баспаханалар мен жарнама агенттіктері бас қосқан жәрмеңкеге биыл Қазақстан «қонақ мемлекет» мәртебесінде шақырылған болатын.
«Қазақ университеті» баспа үйі ұсынған топтамалар қатарында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының дипломатиясы», «Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты», әл-Фараби еңбектері, Абайтану, Сүйінбайтану сериялары, Жамбыл Жабаевтың 2 томдық шығармалар жинағы және университет оқытушыларының ғылыми еңбектері бар. Сондай-ақ, жәрмеңке аясында «Қазақ университеті» баспа үйінің редакторы, жазушы-журналист Нұрғали Ораздың түрік тіліне аударылған «Қазығұрт оқиғалары» кітабының тұсаукесері өтті.
Көрме бір аптаға созылады. Оны 350 мыңнан астам кітапсүйер қауым тамашалайды деп күтіліп отыр.