ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ: РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРДЕ ШЫМКЕНТТІК ҰСТАЗДАР ТОП ЖАРДЫ
Қараша айының басында ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық ғылыми –практикалық дене тәрбиесі» орталығының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында «республикалық «ІІ Мұғалімдер спартакиадасы» өтті.
Аталған іс-шараға Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты әдістемелік орталықтың қызметкерлері Күзенбаев Нартай Қалабекұлы мен Куттеев Дәулет Жақсылықұлы бастаған команда бақ сынап қайтты. Республикамыздың 17 аймағынан келген қарсыластарын жеңген Шымкент қаласы жалпы командалық есепте І орын иеленді.
Спортты серік еткен ұстаздар волейбол, футбол, үстел теннисті секілді ойынның үш түрінен озық шықты. Сайыста Шымкент қаласындағы №64, №50, №89, №113, №23, №46, №88, №30, №129, №104, №1, №30, №87, №72, №11, №90, №110, №69, №71, №94, №85, «Кэмбридж» жалпы орта мектептері мен Назарбаев зияткерлік мектебі және Жол-көлік колледжінің белсенді мұғалімдері өңіріміздің намысын қорғап, жеңіс биігіне көтерілуіне атсалысты.
Ел егемендігін алған отыз жыл ішінде біздің елімізде бұқаралық спортты дамыту жолында қыруар жұмыстар атқарылды. Елбасы мен Президентіміз Қ.Ж.Тоқаев спортқа зор көңіл бөліп, бұл саланы әрдайым мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып келеді.
Ұлт саулығы еліміз үшін қашанда өзекті тақырып. Жастарды спортқа, жақсы әдеттерге баулу үшін өзіміз де сол жолда қалыс қалмауымыз керек. Ұстаз қай жағынан да шәкіртке үлгі болуы заңдылық. Шымкенттік педагогтар өздерін осы тұрғыда дәлелдеп, жеңімпаз атанып, мерейімізді тасытты. Бұқаралық спорт бүгінгі Қазақстан қоғамын алға жетелеу үшін ауадай қажет.