ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ: «ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА — 30 КІТАП»

Жыл басында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы аясында драматургия саласы бойынша жерлесіміз, драматург, ҚР Мәдениет қайраткері, Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбектің «Жанталас» кітабы таңдалған болатын.

Осыған орай, М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының оқырмандарымен Сая Қасымбектің онлайн кездесу кеші өтті.

Кітапхана қызметкерлері мен тұрақты окырмандары қатысқан шығармашылық кешті кітапхана директорының міндетін уақытша атқарушы Гүлмира Батырбайқызы ашып беріп, Рашид ад-дин Фазлуллах Хамаданидің «Тарихтар жинағы» атты көптомдығының 14 томын сыйға тартты.

Онлайн сұхбат барысында Сая ханым Көкшетаулық әріптестер мен оқырмандарының жүрекжарды жылы лебізі мен тілектерін тыңдай отырып, көкейлерінде жүрген көптеген сұрақтарына жауап берді.

«Жанталас», «Түркістан театры», «Тәңірдің қылышы», «Йасауи қасіреті», «Қайран жеңешем…» кітаптарының авторы Сая ханымның балаларға арнап жазған бірнеше ертегілері де бар.

«Жанталас» атты пьесалар жинағы — еліміздің ілкі заманнан басынан кешірген тарихи кезеңдері мен бүгінгі күні қоғамда қалыптасқан қақтығыстарға, замандастарымыздың шынайы бейнесін көрсететін тартыстарға толы рухани өміріміздің өзегі жайлы жазылған шығармалар жинағы.

Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының орыс отаршылдығына қарсы күресі нанымды суреттелген «Жанталас» еңбегінде Хан Кене бастаған алаш азаматтарының он жыл бойы аттан түспей арпалысты күресі, ел бостандығы үшін жанталаса шайқасқан тартысы сәтті баяндалған.

Кітапхана қызметкері Асылзат Оспанқызы жүргізген тартымды кештің соңында «Сая әлемі» атты автордың шығармашылығы жайлы ықшамдалған слайд шолу көрсетілді.

«Әл-Фараби» кітапханасының парақшасынан алынды.