ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ: ҰЛТТЫҚ ОЙЫН БӘСЕКЕСІ БАСТАЛДЫ
23 қазан күні Батыс Қазақстан облыстық Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында тоғызқұмалақтан республикалық жарыстың ашылу салтанаты өтті. Айтулы дода ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Қадыр Мырза Әліні еске алуға арналған. Ұлттық ойын бәсекесі Мәдениет және Спорт министрлігі, ҚР Тоғызқұмалақ Спорты федерациясы, БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен аталмыш өнер орталығының ұйымдастыруымен өтуде.
Жарыстың ашылу рәсімінде БҚО Спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Д.Мұқанов, Халықаралық тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы М.Шотаев, Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы директорының орынбасары С.Темирова және жарыстың бас төрешісі Д.Орынбасаров жарысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі. Сайыс 26 қазан күні өз мәресіне жетпек.
Айта кетейік, көрнекті тұлға Қадыр Мырза Әлі 1935 жылы 5 қаңтарда Орал облысының Жымпиты кентінде туған. Ақын, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері. Тек қазақ поэзиясында ғана емес, әлем поэзиясында да өзінің өрнегін салған ақын.
АЯУЛЫМ ТАСТАНБЕК.