ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ: ҰЛТТЫҚ СПОРТ ОЙЫНДАРЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен ұлттық спорт турнирі өтті. Сайыс «Желтоқсан жаңғырығы» патриоттық әлеуметтік жобасы аясында қолға алынды.
Турнирдің мақсаты — 1986 жылғы Желтоқсан қатысушылары, тарихи боздақтарымыз Қайрат Рысқұлбеков пен Ербол Сыпатаевтың есімін жаңғырту, ұлттық құндылықтарды қастерлеу, қазақ халқының көне ойындарын насихаттау, жастар арасында желтоқсан қаһармандарына деген құрметті арттыру, патриоттық сезімдерін ояту.
Турнирде халқымыздың тоғызқұмалақ және асық ату ұлттық спорт түрлерін шебер меңгерген 60 сайыпқыран өрен бақ сынасып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанбаққа талпынды.
«Тәуелсіз ел тарихында тоғызқұмалақтың орны ерекше. Ғасырлар бойы біздің халқымыз зияткерлік қарым-қабілеттерін, интеллектуалды мүмкіндіктерін тоғызқұмалақ арқылы дамытып келді. Аталмыш ойынды ел басқарған хандардан бастап, Абай Құнанбаев секілді ірі тұлғалар, бірнеше жазушылар, тіпті жайлаудағы қойшыларға дейін ойнаған. Бұл біздің халқымыздың өте дана әрі зияткер екенінің белгісі. Тәуелсіздік жылдарында тоғызқұмалақ ойыны жаңаша сипатта дамып, әлем елдеріне танылып келеді» дейді Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы әрі осы жарыстың бас төрешісі Сәбит Сапарбеков.
Тартысты турнирге арнайы ат басын бұрып келген желтоқсаншы Кенжебеков Нуриддин Ибрахимұлы жеңімпаздарды құттықтап, жастарға ел үшін еңіреген ерлерді әрдайым есте сақтап жүрулерін аманат етті.
Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар табысталып, тоғызқұмалақтан жүлделі І орынды Әзімхан Батухан, ІІ орынды Қазбек Бақдаулет, ал ІІІ орынды Қадырбек Нұрғиса қанжығасына байласа, асық ату бойынша І орын – Орал Асылжан, ІІ орын – Абилхан Талғар, ІІІ орынға Нұркенұлы Сырым лайық деп танылды.
АЯУЛЫМ ТАСТАНБЕК.