ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН ТҮРЛЕНГЕН: АРЫСТЫҢ АЛҒА ЖЫЛЖУЫ

1991 жылы Коммунистік партия тараған кезде мен Арыс қалалық кеңесінің төрағасы, Арыс қаласының
әкімі болып 1993 жылы мамыр айының 17-не дейін қызмет атқардым. Мұны тәппіштеп айтып отырған себебім мен еліміздің тәуелсіздігінің алдында да, тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі алғашқы қиын жылдары да Арыста қызмет істедім. 1990 жылы көктемде ҚКСР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланып, еліміздің тәуелсіздігін алу туралы конституциялық заңға қол көтеріп, биліктің ең жоғары эшелонындағы жұмыстарына тікелей араласып,еліміздегі өзгерістердің біразына куә болдым.

Сол жылдары, 1962 жылы Н.С. Хрущевтің солақай саясаты кезінде тарап кеткен Арыс ауданы 26 жыл өткеннен кейін 1988 жылы қайта құрылып, оның 30 әлеуметтік, экономикалық, мәдени-тұрмыстық жағдайын көтеруге көптеген іс-шаралар атқарылды. Қала мен ауылдың халқын біріктіріп, өндірісті, ауыл шаруашылығын, өндіріс орындары мен жеке азаматтардың, олардың қосалқы шаруашылықтарын дамытып, жәрмеңкелер ұйымдастырып, елді мекендерді көріктендіруге, көгалдандыруға, санитарлық жағдайын жақсартып, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруде көптеген жұмыстар атқарылды. Ауданда ғылым мен озат тәжірибені барынша пайдалануға күш салынды. Қазіргі болашақ энергиясы деп айтылып жүрген энергияны пайдалану сол кезде басталған болатын. Алыс мал жайылымдардағы шопан үйлеріне желдің күшін электр энергиясына айналдыратын қалақша орнатылып, құдықтан су шығарылып,шопандар тұратын үйлерге жарық беріліп, олардың тұрмысын жақсартуға көп көңіл бөлінді. 1989-1990 жылдары ауыл шаруашылығына байланысты біздегі жаңалықтарды үйрену үшін ауданымызда екі рет республикалық семинар өткізілді.
Арыс ауданында ел басқарудың қазақы рәсімін қайта жаңғыртуға барынша күш салдық. Ауыл билері, төбе билер,билер кеңесі деген институттар енгізілді. Ардагерлер кеңесі, ақсақалдар кеңесі, әйелдер кеңесі, жастар кеңесі, мүгедектер кеңесі, қажылар кеңесі деген кеңестер ашылды. Сөйтіп,үкіметтік емес жергілікті басқару ұйымдарының санын көбейтіп, оларды көтермелеп,қолдап аудан көлеміндегі халықтың барлық санаттарын қамтитын құрылымдарының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз еттік. Бұлардың бәрі, түптеп келгенде, аудан
көлемінде жүргізілетін әлеуметтік-экономикалық, мәдени бағыттағы негізгі жұмыстарға кәдімгідей қолғабыс жасайтынын біздің тәжірибеміз айқын дәлелдеді. Мысалы, билер кеңесін алайық. Халқымыздың сан ғасырлық тарихында өміршеңдігін дәлелдеген ел басқарудың осынау ұтымды тәсілін бүгінгі заман ыңғайына орай қолдануға болатынын байқадық. Ел болған соң онда күнделікті тіршілікке байланысты арақ ішу, төбелес, дөрекілік, ұрлық-қарлық сияқты әр түрлі жағдаяттар туындауы мүмкін. Міне, сондай кезде ауыл ақсақалдарынан
құралған билер кеңесі дау-дамайдың одан әрі ушығып кетпеуін қадағалап, халқымыздың дәстүрінде бар үлкенді сыйлау, ізеттілік, адамдардың бір-бірімен сыпайы қарым-қатынас мәселелері төңірегінде әңгіме қозғап, жұртқа басу айтып, дауласқан тараптарды татуластырудың қазақы тәсілдерін шебер пайдалану
арқылы жағдайдың жайма-шуақ аяқталуына қол жеткізді. Сондықтан жұмыстың
осы тәсіліне үнемі қолдау көрсетіп отырдық. Төрт-бес мүшесі бар ауылдың билер кеңесін құрып, әрбір кеңеске төраға сайладық. Олардың ауданға есеп беріп отыру тәртібін белгіледік. Біздің бұл бастамамыз бүкіл облысқа тарады. 1993 жылы Арыс ауданының базасында осы қоғамдық ұйымдармен жұмыс істеу туралы облыстық семинар өтті. Халықпен жұмыс істеудің бұл тиімді тәсілін мен Созақ, Сайрам, Отырар аудандарында қызмет істегенде де қолданып отырдым. Бұл халықпен жұмыс істеуді жандандыра түсуге айтарлықтай көмектесті.

Қуаныш АЙТАХАНОВ,
Қазақстан парламенті Сенатының депутаты