ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ЖАРИЯЛАУ. ӘЛЕМ НАЗАРЫ ҚАЗАҚСТАНДА

Құқықтық тұрғыда әлемнің саяси картасында 1991 жылғы 16 желтоқсанда жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Осылайша тарихи әділеттілік орнап, бабаларымыздың ұлы арманы орындалды. Бұған дейін деклорация түрінде ғана болған мемлекеттік тәуелсіздік енді конституциялық негізге ие болды. Заңдағы 18 баптың біріншісі біздің елімізді ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілейтін және жүргізетін тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет деп жариялады.
Республиканың барлық халқы үшін маңызды, әрқайсына Қазақстан азаматы болу құқығын сыйлаған «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңға арада бірнеше күн өткен соң – 20 желтоқсанда қол қойылды.
Енді ел азаматтарын сыртқы қатерден қорғауды өз әскері қамтамасыз етеді. Президенттің 1992 жылғы 7 мамырдағы Жарлығына сәйкес Қазақстан аймағында дислокацияланған ТМД Қарулы күштерінің әскери бөлімдері республиканың жаңадан құрылған Қарулы күштерінің құрамына енгізілді. Алғашқы Қорғаныс министрі болып даңқты армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Соның алдында қаңтар айында, ішкі және шекара әскерлерін құру басталған еді.
Әлем жаңа мемлекеттердің қалыптасуына мұқият зер салды. Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы болып Түрік Республикасы мойындады. Оқиға Тәуелсіздік туралы Заңға қол қойылғаннан кейін бірнеше сағат өткенде жүзеге асты және қазақстандықтар түркі ынтымағының мұндай көрінісін жоғары бағалады. Келесі күні Қазақстанды Ресей Федерациясы, 25 желтоқсанда Америка Құрама Штаттары мойындады. 1992 жылдың 3 қаңтарында бұл ұлы державаларға – Қытай, ал жылдың соңына дейін тағы 102 мемлекет қосылды.
1993 жылдың 2 наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық мәжілісінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданып, әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесіне айналды.