ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ. ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ

Тәуелсіздіктің 30 жылында республикамыздың қорғаныс қуаты еселеп артты. Осы тарихи кезеңді рет-ретімен жүйелеп айтар болсақ, Елбасының 1991 жылдың 25 қазанындағы Жарлығымен Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Көп ұзамай ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Тәуелсіз елдің заңдық құқықтары негіздеріне және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты Президенттің 1992 жылдың 7 мамырындағы Жарлығы бойынша Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса Отанымыздың қарауына өтті. Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз қолына алды, ал Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды.

Елбасы осы жағдайды былай деп еске алды: «1992 жылғы 7 мамырда менің Жарлығыммен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған болатын. Бұл салада біз барлығын жаңадан бастаған едік: штаттық кесте бойынша офицерлердің 40-45 пайызы ғана қалған; әскерлерді басқарудың бірыңғай жүйесі жоқ; ескірген техникаға толы қоймалар; тәжірибелі ұшқыштар мен отынның жоқтығынан ұшпай тұрған ұшақтар; берекесі кеткен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі ғана бар еді».

Бүгінде Қазақстан аспанын С-300 тәрізді зениттік зымыран кешендері қорғап тұрса, әуе күштері Су-30СМ, МиГ-31 тәрізді ұшақтармен жабдықталған. Отандық «Арлан» көліктері, түріктің бронды машиналары, француздармен бірлесе құрастырған «Нұр» радиолокациялық кешендері елдің қорғаныс қабілетін арттырғаны сөзсіз.

Қарулы Күштерді жасақтауда Елбасы ұстанған бағыт – сан емес, сапа. Нұрсұлтан Назарбаев әскер санының көп болуынан гөрі шағын әрі ұтқыр армия маңызды деп санады. Сонымен бірге әскери істі кәсіп қылған мамандар қатарын көбейтуді көздеді. Сөйтіп, келісімшарт бойынша әскери қызмет атқару жүйесі енгізілген болатын.

Бүгінде Қарулы Күштердің жеке құрамының 75 пайызы келісімшарт бойынша қызмет етеді. Яғни кәсіби әскер. Одан бөлек, Қазақстан әскерінің жеке құрамының саны да шағын. Шамамен, 100-110 мың шамасында. Қарулы Күштерді осындай үлгіде дамыту қоғам үшін де, елдің қорғаныс қабілеті үшін де пайдалы. Біріншіден, келісімшарт арқылы әскери қызмет өтеу көптеген жастың әлеуметтік мәселелерін шешіп, қоғамда өз орнын табуына септігін тигізсе, «Әскери баспана» бағдарламасы олардың баспанамен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік туғызды. Екіншіден, кәсіби түрде әскери қызметпен айналысқан жауынгерлердің даярлығы жоғары, олар қауіп-қатер туындай қалған жағдайда тез шешім қабылдауға қабілетті. Үшіншіден, кәсіби әскер мен армия жағдайының жақсы болуы халықтың Қарулы Күштерге сенімін нығайтады.

Түйіндей айтқанда, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы айтулы жетістіктерінің қатарына кәсіби армияның жасақталуын қосқан жөн. Осы жөнінде Елбасы: «Тәуелсіздік жылдары мемлекетіміз кәсіби армия қалыптастырды, ел мүддесіне толық сай келетін әскери доктрина түзілді. Біздің қасиетті топырағымыз әуеде де, жерде де және суда да қорғаныс аясында. Біз барлық көршілес елдермен достық қарым-қатынастамыз. Қазір армия кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Бұл – әскери қызметшілер алдына мемлекет қойып отырған міндет», деген еді.

Жүгірген аңның тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен еншілеп қалған ержүрек бабалардың ұрпағы да қорғанға мықты, күзетке берік.