ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ: «ТАҒДЫРЫМА ТӘНТІМІН» КЕШІ ӨТТІ
Шымкенттегі филармония ғимаратында еліміздегі тұңғыш зағип тележүргізуші ретінде Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына және «Алтын кітабына» енген, арнайы төсбелгі иемденген ақын, «Ғани Мұратбаев сыйлығының» иегері Ербек Бакиевтың «Тағдырыма тәнтімін» атты поэзиялық жыр кеші өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылған кешті ҚР мәдениет қайраткері Гүлбала Әбуова жүргізіп, концертте ақынның өлеңіне жазылған әндер мен жырлары орындалды.
– Бүгінгі кешке жиналып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін көп рахмет! «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды», кешіме анамның да қатысып отырғанына шексіз қуаныштымын, – деген Е.Бакиев анасына арнап жазған әнін орындап, гүл шоқтарын сыйлады.
Кеш барысында ақынның өзі тәмамдаған «Үміт» мектеп-интернатының ұжымы атынан Ербек Бакиевке алғыс хат табысталды. Содан кейін Феризат Изімбаева, Нұржан Төребаев, Балташ Еңсепбаев, Мадина Ермаханова, Рүстем Кенжеұлы, Айнұр Смандиярова, Бағдәулет Құрал және «Үміт» мектеп-интернатының шәкірттері –Ақмарал Басымбек, Мақсат Жанпейісов секілді талант иелері өнер көрсетті. Сонымен қоса кеш барысында көпшілік ақынның жыр кітабын тамашалауға мүмкіндік алды.
Фото: Серік Қосаев