ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР. МЕДИЦИНА
Қуатты мемлекет – денсаулығын күйттеген мемлекет. Дегенмен, біз денсаулық саласын жақсартуды белгілі бір құрылымдар арқылы дұрыстаймыз десек қателік болар. Адам денсаулығын өзгерту – Жаратқаннан басқа ешкімнің қолынан келмес. Бірақ, аузымызды қу шөппен сүртіп тағы отыра алмаймыз. Осыны ескерген біздің ел тәуелсіздік алғаннан кейінгі денсаулық саласына қатты көңіл аудару да. Мәселенің мәнісі мынада. Ұлт денсаулығы оңалды ма, жоқ, әлде «саулығы» түзелді ме? Есер мен естінің айырмасы өз-өзіне есеп беретін мінезіндегі асыл сипатымен ерекшеленеді. Есті кісі болғымыз келсе күніне, жұмасына, арысы айына бір мәрте өзгеден емес, тап осы өзімізден есеп алуға тиіспіз. Екі дүниеге жарамды қандай жақсылық жасағанымызды әбден електен өткізіп, өкініш пен қуаныштың арасалмағын шынайы таразылап көрген лазым. Біз – етек-жеңімізді жинаған, еркіндікпен еңсе тіктеген есті елміз.
Тәуелсіздік алған уақыттан бастап медицина саласында болған өзгерістер сан алуан. Ақсұлтан Аманбаев Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш денсаулық сақтау министрі. Ол Қазақ КСР денсаулық сақтау саласының министрі болып 1990 жылы тағайындалған. Еліміз Тәуелсіздік алған 1991-1992 жылдары Елбасы Жарлығымен министр болып қайта сайланды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен қазіргі уақыттағы денсаулық саласын салыстыруға мүлдем келмейді. Маман жағынан да, сапа жағынан да, техника жағынан да жағдай қиын болды. Осындай қиындықтарды жеңу үшін 1991 жылы Жоғарғы Кеңестің VII сессиясында Қазақстанның тарихында тұңғыш рет «Халықтың денсаулығын сақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. 1991 жылы Қазақстанда 66 мың дәрігер, 198 мың орта буын медициналық қызметкер жұмыс жасап, 1805 аурухана болған. 1993 жылдан бастап медициналық мамандар саны күрт азая бастайды.
1992-1997 жылдары денсаулық сақтау министрі қызметін Василий Девятко атқарды. Бұл жылдар Қазақстан денсаулық сақтау саласы үшін ғана емес, жалпы посткеңесттік мемлекеттер үшін ең қиын кезең болды. Дәрігерлер жалақысы тіптен аз болды. Ұлттық статистикалық агенттік дерегі бойынша 1993 жылы елемізде 64 мың дәрігер, 189 мың орта буын медицина қызметкері жұмыс істеді. 1994 жылы ауруханалар саны 1651-ге дейін азайып, дәрігерлер саны 61 мың, орта буын медицина қызметкерлер 177 мың болса, 1997 жылы дәрігерлер саны -54 мың, орта буын қызметкерлер саны -129 мың ғана болды. Сөйтіп, көрсеткіш бойынша 1992-1997 жылдар аралығында 12 мың дәрігер мен 67 мың орта буын медицина қызметкеріне дейін азайған. Талай мамандар медициналық мамандығын тастап, қаржы табу жолында кетеді.
1996-1998 жылдары денсаулық сақтау жүйесiне принциптi түрдегi жаңа екi элемент енгізілді. Олар: сатып алушы мен сатушы қатынастарының және медициналық көмектiң көлемi мен сапасына байланысты сараланған еңбекақы төлемiнiң пайда болуына мүмкiндiк туғызатын денсаулық сақтауды қаржыландырудың бюджеттiк- сақтандыру моделi. 1999 жылдан бастап бөлінетін қаражатқа байланысты түпкiлiктi нәтижеге бағдар ұстануға мүмкіндік беретiн бағдарламалық қаржыландыру енгiзiлдi. Сонымен бiрге, реформаларды талдау көрсеткендей, олар елеулi өзгерiстерге бағытталмады, өзiнің қисынды ақырына жеткiзiлген жоқ, және денсаулық сақтау жүйесіндегі жағдайды түбегейлi өзгерте алмады.
1997 жылы денсаулық, білім беру және мәдениет саласы бір министрлікке бағынатын болды. 1997-1999 жылғы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің министрі Қырымбек Күшербаев болды. 1999 жылы министрлік атауы тағы өзгертіліп Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі болды. Одан кейін Білім, спорт, денсаулық болып жеке министрліктер құрылды. 2001-2004 жылдар аралығында Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев болды. 2000 жылы дәрігерлер саны 49 мың болса, орта буын медицина қызметкерлері 106 мың ғана болды. 2001 жылдан бастап мамандар саны қайта көбейе бастайды. Сөйтіп, 2002 жылы дәрігерлер саны 53 мыңға жетіп, 113 мың орта буын медицина қызметкерлері жұмыс жасайтын болды. 2004 жылы бұл көрсеткіш дәрігерлер -54 мың, орта буын медицина қызметкерлері 117 мың адамға жетеді. Сонымен қатар 2000 жылдарда профессор Жақсылық Досқалиев бастаған ғалым-оташылар бауыр циррозында бауыр клеткаларын алмастырып салуды тәжірибеге енгізген.
Республикада халықтың саны 2009 жылы 1999 жылмен салыстырғанда 49,6 мың адамға өстi және 2004 жылдың басында 14 951,2 мың адамды құрады. 2009 жылы бала туу көрсеткiшi халықтың 1000 адамына шаққанда 17,2-ні құрады және 1999 жылмен салыстырғанда 1,2 есе өстi. Республикада бала туудың өсу үрдiсi 1999 жылдан бастап байқалып отыр. 1999 жылдан бастап халықтың өлiм-жiтiм коэффициентiнiң болмашы өсуi байқалды, ол 1000 адамға шаққанда 2009 жылы 1999 жылғы 9,7-ге қарағанда, 10,5-тi құрады. Халықтың өлiм-жiтiм құрылымында жүрек-қан тамыры, онкологиялық аурулар, жарақаттану жетекшi орын алды. Республика халқының болжамды орташа өмiр сүру ұзақтығы 2004- 2005 жылдар iшiнде тұрақтанды және 2009 жылдың соңына қарай 65,9 жасты: ерлерде — 60,5 жасты, әйелдерде — 71,5 жасты құрады. Қазақстан Республикасы халқының жалпы науқастанушылық көрсеткiшi серпiндi өстi және 2009 жылы халықтың 100 мың адамына шаққанда 1999 жылғы 47972,8-гe қарағанда 56413,9-ды құрады.
Ана өлім-жiтiмi көрсеткiшiнiң 1999 жылмен салыстырғанда 2009 жылы 100 мың тірі туғандарға шаққанда 65,3-тен 42,1-ге дейiн азайғандығы байқалды. Республикада ана өлiмi негізгi себептерiнiң бiрi — әйелдер денсаулығы индексiнiң төмендiгi болып, ол 20- 30%-тi құрады.
Мемлекет басшысының 2005 жылға арналған Жолдауында саланың басқару жүйесiн, денсаулық сақтау iсiн қаржыландыруды, ұсынылатын медициналық көмек берудi ұйымдастыруды, денсаулық сақтау жүйесiнiң нормативтiк базасын, саланың статистикасы мен оны ақпараттандыруды, есептілiктi оңтайландыруды жетiлдiруге, сондай-ақ қаржы ресурстарын тиiмдi пайдалану мен сатып алуды міндеттi түрде орталықсыздандыру бөлігінде байыпты өзгерiстер жүргiзу қажеттiгi көрсетiлген. Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған осы мемлекеттiк бағдарламасы Қазақстанның 2030 жылғы кезеңге дейiнгi Даму стратегиясын, Президенттiң «Бәсекеге қабiлеттi Қазақстан үшiн, бәсекеге қабiлеттi экономика үшiн, бәсекеге қабiлеттi халық үшiн!» атты 2004 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын iске асыру мақсатында әзiрленді. Бағдарламада Қазақстан Республикасында қолжетімді, сапалы, әлеуметтiк бағдар ұстанған және экономикалық тиiмдi денсаулық сақтау жүйесiн дамытуға бағытталған қажеттi экономикалық, әлеуметтiк, ұйымдастырушылық және басқа да шаралардың жиынтығы белгiленді.
2004 жылдың сәуір айында денсаулық сақтау министрі қызметіне Ерболат Досаев тағайындалады. Ол бұл қызметті 2006 жылдың қыркүйек айына дейін атқарады. Денсаулық сақтау министрлері қатарында медициналық мамандығы болмаған Қырымбек Күшербаев пен Ерболат Досаев болды. 2004- 2006 жылдар аралығында Қазақстандағы дәрігерлер саны 57514 маманнанға жетеді. 2006 жылы орта буын медицина қызметкерлерінің саны 125167-ға көбейеді. Денсаулық саласы бірден жеке министрлік ретінде енші алып, ел жайын күйттеп кеткен жоқ. Қазақстан медицинасында орын алған түбегейлі өзгеріс 2010 жылғы Біріңғай Ұлттық Денсаулық сақтау жүйесі. Бұл бағдарлама шетелдік үздік тәжірибелерден үлгі ретінде алынды. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі баршаға аян, тәжірибеге 2010 жылдың қаңтарынан бастап енгізілді. Жүйе қабылданбас бұрын нормативтік-құқықтық база сәйкестендірілді. Бұл бағдарлама – еліміздің медицина саласындағы ең ірі бағдарламаларының бірі. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДСЖ) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарғысымен бекітілген 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында өз бейнесін тапты. Ел басының 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында БҰДСЖ енгізу үдерісін 2013 жылға дейін аяқтау бойынша тапсырмалар берілді. БҰДСЖ негізгі ерекшелігі — емделушінің дәрігерді және медициналық ұйымды еркін таңдау қағидасын енгізу жолымен медициналық ұйымдар арасында бәсекеге қабілетті ортаны құру болып табылады. 2011 жылы «Медициналық қызметкерлерге ақы төлеу ережелерін бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 20.05.2011 жылғы № 310 бұйрығына сәйкес соңғы нәтижеге байланысты медициналық қызметкерлерге сараланған еңбекақы төлеу үшін жағдайлар жасалды және бастапқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі – БМСК) ұйымдарына жан басына шаққандағы нормативтің қосымша компонентіне төлем төлеу шараларына мониторинг жүргізу басталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2010 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып Салидат Қайырбекова тағайындалды. БҰДЖ- енгізу, «Саламатты Қазақстан» бағдарламаларын жүзеге асыру жұмысытары 2010 жылдан бастау алды. 2010 жылдар бері денсаулық сақтау саласында болған өзгерістерді (әрине ДСМ-нің дерегіне сүйеніп) саралап көрсек, нәтиже былай болды: Республикада өмір сүру ұзақтығы 2,5 жылға өсті (2008 ж. – 67,11; 2012 ж. — 69,61). Мемлекеттік бағдарламамен 2015 жылы 70 жасқа жету қарастырылған. Кейінгі 10 жылда (2003 жылдан бастап) елімізде туу көрсеткіші 1,3 есе көбейгені байқалады. Халықтың табиғы өсімі 2,1 есе көбейді. Ана өлімі 3 есе азайды, бала өлімі, еліміздің БДСҰ-мен ұсынылған тірі және өлі туу өлшеміне көшуі ескеріліп, 1,5 есе азайды. 2013 жылдың 1 жартыжылдығында республикада ана өлімінің көрсеткіші 15,2%-ға төмендегені байқалады. Бала өлімінің көрсеткіші 17,7%-ға төмендеді. Неонатальдық және педиатриялық көмек біршама жақсарды. Перзентханалар мен балалар стационарлары үшін қажетті медициналық құрал-жабдықты сатып алуын кезең-кезеңмен қаржыландырылуының арқасында перинатологиялық орталықтардың жабдықталуы 60 — 90% — ға жетті. Республикалық санитарлық авиацияның қаржыландырылуы өсіп, 2013 жылы 1,8 млрд. теңге құрады. Кейінгі 11 жылда кардиохирургиялық операциялардың саны 23 есе, оның ішінде балаларға жасалған операциялардың саны 4 есе артты. 2012 жылдың қорытындысы бойынша практикада емдеудің заманауи әдістерін пайдаланудың арқасында балалардың өмірін сақтау 93,2 % құрады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 6 тамыздағы №875 «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесінің реформасы туралы» Жарлығымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, оған: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің; Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып құрылды. Ведомстваның басшысы болып Дүйсенова Тамара Қасымқызы тағайындалды. Жоғарыда көрсетілген деректер Тәуелсіз елдің медицинасында орын алған өзгерістердің қысқаша ғана көрінісі.
Енді 25 жылда халықтың әртүрлі аурулар бойынша сырқаттану көрсеткіштеріне тоқталсақ.
Тәуелсіздік жылдарында полиомиелитпен сырқаттану көрсеткіші 5 есеге төмендеді.
Соңғы 25 жылда Қазақстанда вакцинациялаумен кең көлемді қамту шаралары нәтижесінде полиомиелитпен сырқаттану деңгейі 5 есеге төмендеді. 2011 жылдан бастап республикада бірде бір полиомиелит жағдайы тіркелмеген болса, ал 1991 жылы 5 жағдай тіркелген болатын (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,03).
Полиомиелит – полиовирустан туындайтын жіті жоғары инфекциялы ауру. Ол жүйке жүйесін зақымдап, санаулы сағаттарда жалпы сал ауруына әкелуі мүмкін.
Вирус адамнан адамға беріліп, негізінен фекальді-ауызды жолдар арқылы, немесе кейбір жағдайда кәдімгі инфекция тасымалдаушы арқылы (мәселен, лас су мен азық-түлік) беріліп, ішекте көбейеді.
Полиомиелит негізінен 5 жасқа дейінгі балаларды зақымдайды. Аурудың алғашқы белгілері: бас ауруы, жүректің айнуы, қалтырау, шаршаңқылық, мойынның қатаюы, аяқ-қолдардың ауруы. ДДСҰ мәліметі бойынша, жұқтырудың 200 жағдайының бір жағдайында қайтымсыз сал ауруы пайда болады (әдетте аяқтың сал ауруы). Сал ауруына шалдыққан адамдардың 5-10% -ы тыныс алу бұлшықеттерінің сал ауруына шалдығуына байланысты қайтыс болады. Полиомиелит емделеді, оны халықты иммундау арқылы емдеуге болады. Егуден бас тарту — инфекцияға бейім адамдардың санын артуы және сырқаттанушылықтың бұрқ етпесін тудыруы мүмкін.
А вирустық гепатитімен сырқаттану 308 еседен астам төмен түсті
Кең көлемді вакциналау, судың сапасын жақсарту мен азаматтардың санитарлық сауаттылығын арттырудың нәтижесінде кейінгі 25 жылда Қазақстанда балалар арасындағы А вирустық гепатитімен сырқаттану 308,5 есеге төмендеді. 2015 жылы 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы А гепатитімен сырқаттанудың 140 жағдайы (100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 3,08) тіркелді.1991 жылы бұл көрсеткіш 43201 (100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 807) болды. Сонымен қатар, 2015 жылы ересек тұрғындар арасындағы А гепатитімен сырқаттанудың 358 жағдайы (100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 2,07) тіркелсе, 1991 жылы 55662 жағдай (100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 331,1) тіркелген болатын.
А гепатиті (Боткин ауруы) – А вирустық гепатитінен туындайтын бауырдың жіті жұқпалы ауруы. Бұл негізінен жұқпалы ауруға шалдықпаған (немесе вакциналанбаған) адам ауруды жұқтырған адамның фекалийімен ластанған азық-түлік пен суды қолданған уақытта жұғады. Ауру қауіпсіз судың болмауымен, санитарлық жағдайдың және жеке гигиенаның сақталмауымен тығыз байланысты. Көп жағдайда А гапатитін қолдарын таза ұстамайтын балалар жұқтырады. Сондықтан гапатиттің бұл түрін «жуылмаған қол ауруы» деп атайды.
Инкубациялық кезең орта есеппен 35 күн болып саналады (7-50 күн аралығы). 99% жағдайда адамдар сауығып кетеді, дегенмен, 1%-дық жағдай өліммен аяқталуы мүмкін. Асқыну жағдайы ересектерге тән, вирустық және вирустық емес этиологиясы бар бауыр ауруларының кез келген түрімен ауыратын адамдарда кездеседі.
Ауруды жұқтырып алмау үшін жеке гигиена тәртіптерін сақтау керек, тек таза су ішіп, жеміс-жидектер мен көкеністерді қайнатылған сумен жуу шарт.
Сонымен қатар, аурудың алдын мақсатында иммундау қолданылады. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша А вирустық гепатитіне қарсы вакциналау ауру көрсеткіші жоғары аймақтардағы балаларға жергілікті атқарушы орган қаражатының есебінен жүргізіледі.
«В» вирустық гепатитімен сырқаттану 1234,5 есеге төмендеді
Қазақстанда вакциналаумен кең көлемді қамту шаралары нәтижесінде «В» вирустық гепатитімен сырқаттану деңгейі балалар арасында 1234,5 есеге, ересектер арасында 31,5 есеге төмендеді. 2015 жылы балалар арасындағы «В» вирустық гепатитінің 2 жағдайы (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,04) тіркелді. 1991 жылы бұл көрсеткіш 2469 (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 46,1) болған еді. Сонымен бірге, 2015 жылы ересектер арасындағы «В» вирустық гепатитінің 167 жағдайы (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,97) тіркелді, 1991 жылы 5263 жағдай (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 31,31) тіркелген болатын. «В» вирустық гепатиті, әсіресе балалар үшін қауіпті, өйткені дерттің клиникалық көріністері жиі байқала бермейді. Ауырған жағдайда балалардың 90% созылмалы вирус тасушыға айналады. Созылмалы «В» вирустық гепатитін жұқтырған кезде бауыр жасушаларын алмастыратын біріктіруші ұлпа өршіп, аталған орган қызметі бұзылады және бауыр циррозына әкеп соғуы ықтимал. «В» вирустық гепатиті түрлі жолдармен: зарарсыздандырылмаған құралдармен жасалған инъекция арқылы, жыныстық жолмен, сырқат адаммен тұрмыстық бұйымдарды бірге пайдаланғанда жұғады. «В» гепатитіне шалдыққан жүкті әйелдер баласына вирус жұқтыруы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүкіл әлемде 2 млрд. адам «В» вирустық гепатитін жұқтырған. Жыл сайын «В» гепатитінің 4 млн. жуық оқиғасы және асқынған бауыр циррозынан немесе обырынан болатын 1 млн.-ға жуық өлім-жітім тіркеледі. «В» вирустық гепатитінің жіті түрін емдеуге арналған дәрілік препарат жоқ. Тек қолдау терапиясы жасалады. Сондықтан әлемнің көптеген елдерінде вакцинацияның көмегімен осы инфекциялық аурудың балаларға жұғуының алдын алуды жөн көреді. «В» вирустық гепатитіне қарсы вакциналық кешен бала 12 айға толғанға дейін үш екпе жасауды қарастырады. Алғашқы екпе сәби дүниеге келгеннен кейін 12 сағат ішінде жасалады. Қазақстанда «В» гепатитіне қарсы одан кейінгі екпелер балаға 2 және 4 ай болғанда жасалады.Еске сала кетейік, Қазақстанда «В» вирустық гепатитіне қарсы вакцинация 1998 жылдан бері жүргізіліп келеді. Иммундаудан бас тарту – індетке бейім адамдардың санын арттырып, ауру ошағының пайда болуына себепкер болуы мүмкін.
Дифтериямен сырқаттану 30 есеге кеміді
Кең көлемді вакцинациялау нәтижесінде соңғы 25 жылда республикада дифтериямен сырқаттану деңгейі 30 есеге азайды. 2015 жылы дифтерияның бірде бір жағдайы тіркелмеген, ал 1991 жылы дифтериямен сырқаттанудың 30 жағдайы (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,18 жағдай), 14 жасқа дейінгі балалар арасында 8 жағдай (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,15 жағдай) тіркелген.Дифтерия – ауа-тамшылы жолмен жұғатын, ауыр түрде өтетін жұқпалы ауру. Дифтерия таяқшалары мұрын, аңқа, жоғары тыныс жолдарының шырышты қабатына түскенде жылдам көбейіп, орталық жүйке жүйесін, тамырлар мен жүректі зақымдайтын ерекше дифтериялық улы затты бөледі. Дифтерия ауруы дене қызуының жоғарылауы, жалпы әлсіздіктен басталады да, жұтынғанда ауырсыну белгілері байқалады. Көп жағдайда адамдар аурудың алғашқы белгілерін баспа (ангина) деп қабылдап, өздігінен емдеуді бастап кетеді, бұл өте қауіпті және аурудың ауыр салдарына алып келуі мүмкін. Дифтерия өзге жұқпалы ауруларға қарағанда, көптеген асқынуларға: жүрек бұлшықетінің, тыныс алу жолдары мен диафрагма, жұмсақ таңдай, бет, мойын, дене және қол-аяқ бұшықеттерінің сал ауруларына әкеледі. Мұндай жұқпалы дертте өлім қаупі жоғары, жыл сайын 10-нан 20%-ға дейін ауруға шалдыққан сырқат адамдардың өліміне әкеледі. Аурудың алдын-алудың негізгі әдісі вакцинациялау болып табылады. Халықты иммундау мақсатында дифтерия, көкжөтел, сіреспеге қарсы иммунитетті көтеретін кешенді вакцина қолданылады. Вакцинациялау ҚР Ұлттық екпе күнтізбесіне сай 2 айдан бастап 60 жасқа дейін жасалады. Егуден бас тарту — инфекцияға бейім адамдардың санын артуы және сырқаттанушылықтың бұрқ етпесін тудыруы мүмкін.
Көкжөтелмен сырқаттану 7 еседен аса азайды
Қазақстанда вакцинациялаумен кең көлемді қамту шаралары нәтижесінде көкжөтелмен сырқаттану деңгейі ересектер арасында 7,6 есеге, балалар арасында 7,5 есеге төмендеді. 2015 жылы ересектер арасындағы көкжөтелдің 74 жағдайы (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,43) тіркелді, 1991 жылы 562 жағдай (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 3,34) болған еді. Сонымен бірге, балалар арасындағы көкжетелдің 74 жағдайы (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 1,63) тіркелді, 1991 жылы 555 жағдай (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 10,4) тіркелген болатын. Көкжөтел – ауа-тамшы жолымен жұғатын, интоксикациямен, спазматикалық жөтелу ұстамаларымен және құсумен сипатталатын жіті антропонозды бактериалдық инфекция. 2 жасқа дейінгі балалар үшін өте қауіпті. Инфекцияның жалғыз көзі ауру адам болып табылады. Барлық адамдар (балалар және ересектер) көкжөтелді өте тез қабылдайды. Иммунитеттің төмендеуі кезінде ауру адаммен тығыз қатынаста болған жағдайда сырқаттану қауіпі 100 % жетеді. Алайда, ауру адаммен тығыз қатынаста болған жағдайда ғана көкжөтелді жұқтыруға болады, өйткені инфекция қоздырғышының таралуы 2-3 метрден аспайды.
Инкубациялық кезеңі орташа алғанда 5-9 күнді құрайды, алайда 3 тен 20 күнге жетуі мүмкін. Көкжөтел балалар өмірінің бірінші айында аса ауыр, кей жағдайда өлім-жітіммен өтеді. Емшектегі балаларда бірнеше жөтелуден кейін демалысы қысқа мерзімге тоқтауы мүмкін (бірнеше секундттардан бір минутқа дейін және одан аса), бұл адам өміріне өте қауіпті. Пневмония (бронхопневмония) түріндегі және энцефалопатия (бас миындағы өзгерістер, құрысу салдарынан өлім-жітімге алып келуі мүмкін және өзінен кейін тұрақты зақымдаулар қалдырады, кереңдік немесе эпилептикалық ұстамалар) түріндегі асқынулар жиі кездеседі. Балаларда аурудың алдын-алудың негізгі әдісі вакцинациялау болып табылады. Қазіргі кезде 5 валентті (көкжөтел, дифтерия, сіреспе, сал ауруы, b типті гемофильді инфекция) және 6 валентті вакциналар (көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, b типті гемофильді инфекция, гепатит В) жақсы нәтиже көрсетіп жүр.
Вакцинациядан бас тарту — инфекцияға бейім адамдардың санын арттыруға және сырқаттанушылықтың бұр етпесін тудыруы мүмкін.
Травматология және ортопедия ҒЗИ-да 126 мыңнан астам адам емделді.
15 жылда ҚР ДСӘДМ Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында (бұдан әрі — ТОҒЗИ) 126 мыңнан астам адам емделді. Орталық аудандық, қалалық және облыстық ауруханалар деңгейінде сүйек-бұлшықет жүйесі зақымдалған, термиялық және химиялық күйікке шалдыққан ауруларды қарау және емдеу стандарттары әзірленді. Травматология, ортопедия, термиялық жарақат, жақ-бет жарақаты, политравма, нейротравма, жан сақтау, микрохирургия, ревматология және оңалту бойынша диагностикалау мен емдеудің 45 медициналық-экономикалық хаттамалары жасалды. 2006 жылдан бері институтта ірі буындарға остеосинтез, артроскопия, эндопротездеу жасайтын заманауи аудио- және бейнежүйемен, құралдармен және муляждармен жабдықталған мамандарды диппломнан кейін дайындау орталығы жұмыс жасайды. ТОҒЗИ тұрақты түрде жақын және алыс шетелден жетекші мамандарды шақырумен шеберлік кластарын, семинар-тренингтер, конференциялар өткізіп тұрады. 2014 жылы институттың базасында Ірі буындарды эндопротездеу республикалық орталығы ашылды. Кішіинвазивтік және ревизиялық эндопротездеу, ұршық және тізебуындардың онкопротездері енгізілді. Қазіргі кезде ТОҒЗИ-да ұршықбуын эндопротезінің әлемдік өндірісінің 30 моделі сынақтан өтіп енгізілді, ірі буындардың 7500 эндопротезі қойылды. Белгілі модельдермен қатар институтта Н.Батпеновтың цементсіз бекітетін ұршықбуын эндопротезінің моделі қолдануда. Бұл протездердің шығарылуы Германияда K-Implant компаниясымен жүзеге асырылады. 2015 жылы ТОҒЗИ ұжымы ұршықбуын хирургиясында эндопротездеуді қолдануда инновациялық технологияларды жасап енгізуге арналған жұмыстардың топтамасы үшін ғылым мен техника саласындағы аль-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. 2006 жылы ТОҒЗИ-да республикада алғаш рет Артроскопия және спорттық жарақат бөлімшесі құрылды, ал 2014 жылы оның базасында Артроскопия және спорттық жарақат орталығы ашылды. Онда жыл сайын ірі буындарға 1500 астам артроскопиялық араласулар орындалады. Гранттық қаржыландыру шеңберінде тізебуын шеміршегі патологиясында, сүйек тіні ақауында жасушалық технологиялар әзірленуде. Жеке және көптеген жарақаты бар ауруларды емдеуде остеосинтездің кішіинвазивтік әдістері аурулар стационарға түскен бір сағат ішінде жасалады. Бұл бұғанасы, білегі, тобығы сынған ауруларды стационарлық емдеу мерзімін 5 күнге дейін қысқартуға, гипстік иммобилизациялауды болдырмауға және оңалтуды ертерек бастауға мүмкіндік береді. Бірқатар ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыру шеңберінде емдеудің жоғарытехнологиялық әдістерін енгізумен қатар ТОҒЗИ қызметкерлері аяқ-қол сүйектері сынғанда остеосинтез жасау үшін жаңа констукцияларды, импланттарды жетілдіріп әзірледі. Олар алғаш рет қазақстандық зауытта шығарылды. Бүгінгі күні институт жақын және алыс шетелдің 25 жетекші травматология және ортопедия орталықтарымен қарым-қатынаста. Соның арқасында АҚШ, Испания, Австрия, Швейцария және Германияда өткізілетін диагностикалау мен емдеудің заманауи технологияларға үйрететін тренингтер мен семинарларда институттың мамандары мен ғылыми кадрларының дайындығы жүргізіледі. Осы жылдары Еуропа мен АҚШ-тың үздік клиникалары базасында 100-ге жуық маман оқытылды.
Талай келеңсіздік пен сырқаттарға жолыққан денсаулық саласы қамқорлықты сезінгісі келеді. Данышпан бабамыз әл-Фараби: «… Адам денесінің жетілуі – оның денсаулығы; Егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денді сауықтыру керек» деген екен. Бүгінгі медицина саласы осы бір сөздің айқын дәлелі іспетті. Тәуелсіздік жылдарында Қазақ денсаулық сақтау саласында орын алған өзгерістер туралы мәлімет беруді әлі де жалғастырамыз.