ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АЛҒАШҚЫ ҮШ ЖЫЛЫНДАҒЫ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІСТЕР

1992 жылдың ақпанында Президентке бағынышты жергілікті әкімшілік басшыларының және Халық депутаттары кеңестерінің бақылауындағы облыстық әкімшілік басшыларының қызметін бір ізге түсіру принципі бекітілді.

Жергілікті әкімшіліктер мен бұрынғы депутат кеңестері бір-бірімен бәсекеге түсіп, бір-бірінің әрекеттерін қайталап жататын.  1993 жылдың 10 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасындағы жергілікті атқарушы және өкілетті органдар туралы» заң оған соңғы нүкте қойды. Ол жергілікті атқарушы билік органдарының құрылымы мен өкілеттігіне түбегейлі өзгерістер енгізді. Бұрынғы атқару комитеттері әкімдер басқаратын жергілікті атқарушы билік органы – әкімдіктерге айналды.

Елбасы реформа процесін жеделдету және елімізді үдемелі даму траекториясына шығару үшін, сондай-ақ мемлекеттік билікті біріктіру мақсатында президенттің аймақтар мен жер-жердегі өкілетті өкілдеріне айналған республикалық маңыздағы қалалар мен облыс әкімдерін өзі тағайындауға шешім қабылдады. Лауазымы төмен әкімдерді одан жоғары тұрған әкім тағайындайтын болды. Осылайша жергілікті атқарушы құрылымдарды өкілетті биліктің органдары сайлайтын тәжірибе келмеске кетті.

Бұрынғы жүйе сарқыншақтарынан түбегейлі азат болу үшін аймақтық деңгейде жаңа жергілікті өкілетті органдар – мәслихаттар құрылды. Оның депутаттары мемлекет мүддесін ескере отырып, қандай да бір әкімшілік-аймақтық бірліктегі тұрғындардың қалауын білдіретін болды. Әкімшіліктер мен мәслихаттардың жергілікті басқарудың бірыңғай жүйесіндегі өзара қарым-қатынастың негізіне функциялар мен өкілеттіктерді бөлісу принципі алынды.

Осылайша тәуелсіздіктің алғашқы үш жылында халыққа қысым жасамайтын, керісінше елге және реформаларға қызмет ететін атқарушы-өкімдік биліктің түбегейлі жаңа жүйесі құрылды.