ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ОТЫЗ ЖЫЛДЫҒЫ: «ӘР ХАЛЫҚ ӨЗ ТАРИХЫН ӨЗІ ЖАЗУЫ ТИІС»

Ұлттық тарихты зерделей және тиісті түрде жария ете отырып, біз бүгінде әлемнің 40-тан астам мемлекетіне бытырап кеткен қазақ этносының жартысына жуығының тағдырын ұмыт қалдырамыз. Олардың қалыптасуы да бірнеше ғасырлар бойы, тіпті мыңдаған жылдар бойы жүрді. Олар қазақ халқының тілін, мәдениеті мен тарихын Қазақстанда қалған бауырластарына қарағанда жақсы сақтай алды десек қате болмас. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев шетел азаматтары үшін Қазақстанның қысқаша тарихын жазуға бастама көтерді.

Тұтастай алғанда, бұрын аз зерттелген немесе толығымен қамтылмаған отандық тарихтың мәселелері жаңа тұжырымдамада тиісті көрініс табады. Елдің көптомдық тарихын жазу да сөзсіз қажеттіліктің бірі.
Ұлттық тарихтың жаңа мазмұндамасы Қазақстан тарихының бірегейлік үйлесімін, қандай да бір этнотерриториялық бірлестіктер – жүздердің тарихын, сондай-ақ шағын аудандардың тарихын айқын болжауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл Қазақ елі азаматтарын өздерін шағын аймақтың өкілі, кең аймақтың тұрғыны және соңында бүкіл елдің азаматы ретінде анықтау­ға мүмкіндік береді.
Бірегей тарихпен қатар көрнек­ті тарихи тұлғалардың ғана емес, сонымен қатар әртүрлі дәуірлердегі қарапайым адамдардың күнделікті өмірі туралы материалдарды кеңінен зерттеу болжанады.
Жаңа академиялық басылым өзінің ата-бабаларын жалған мадақтаусыз, жалпы әлемдік деңгейдегі оқиғалардың өрістеуі аясында қазақ тарихының ерекшелігі мен қайталанбастығын ашу мақсатын көздеуі тиіс.
Әрине, бұл шара, біздің Президенттің ойынша, Қазақстанды бүкіл әлемге танымал етуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының әрбір халық басқа мемлекеттердің идеологиясына сай емес, өз тарихын өзі жазуы керек деген тағы бір маңыз­ды ойымен келіспеске болмайды. Әлемнің көптеген елдерінде мұндай тәжірибе бар. Мысалы, «АҚШ-тың қысқаша тарихы» бүкіл әлемге таралады. Немесе Армения өзінің 3 миллионнан астам шетелдік диаспорасы үшін де осындай кітаптар шығарады. Қазақстаннан тыс жерлерде 5 миллионнан астам отандасымыз тұрады, олар да осындай басылымға мұқтаж. Төл тарихымызды шетте қызығып оқығанда ғана біздің тарихымыз бен бай мәдениетімізді бұрмалап, мыңдаған жылдық мемлекеттілік тарихымызға ешкім дау айта алмайтын еді. Жақында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұжымы тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет Кембридж университетінің баспасымен бірігіп Ш.Уәлихановтың таңдамалы шығармаларын ағылшын тілінде жариялады.
Президент Қ.Тоқаев өз мақаласында халық өзінің ұлттық тарихынан бас тартқан жағдайда ұлтты күтетін жағымсыз салдарлар туралы: «Өз тарихынан айырылған халық, өткенін ұмытқан ел өзінің қайда екенін және қазіргі уақытта немен айналысатынын білмейді және болашақта оны не күтіп тұрғанынан бейхабар» деп Алаш көсемінің ойын келтіреді, бұл пікір осы күнге дейін өз өзектілігін жоғалтпады.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент- мүшесі