ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТОЛАЙЫМ ТАБЫСЫ

Егемен еліміздің тарихында толайым табыстар көп. Тәуелсіздігімізге тірек, елдігімізге тілек болған Астанамыз мәртебемізді биіктетіп, айбынымызды асқақтатты. Алысты жақындатты. Қазақ елін жатқа танытты, әлемге мойындатты. Оның бірден-бір дәлелі – халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің өткізілуі. 2012 жылғы 22 қарашада ХКБ-ге мүше 161 елдің өкілдерінің жасырын дауыс беру барысында Астана EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін орын болып таңдалды. Астананың өтінімін 103 ел қолдады.

«ЭКСПО-2017» көрмесі — 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысқан ауқымды шара. Көрменің үш ай жұмысында 40 президент, 9 Үкімет басшысы, 72 Сыртқы істер министрі Қазақстанға ресми сапармен келді. Жалпы, келушілер саны жоспарланған межеден еке есе асып түсіп, 4 миллионға жетті. «ЭКСПО» арқасында елімізде туризм дамыды. Отандық экономикаға мол инвестиция қосуға септігін тигізді. Көрме арқылы шетелдік меймандар қазақ елінің дәстүрімен, тарихымен, мәдениетімен танысты. 

Қазақстанның бас қаласында өткен ауқымды іс-шара әлем елдерінен келген сан мыңдаған адамның басын біріктіретін ортаға айналды. Дайындық және көрме барысында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,3 пайызға артқан. Тауар өндіру 70 пайызға, туристік қызметтерге сұраныс 80 пайызға көбейді. Астананың инфрақұрылымы дамып, мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылды. Еліміздің халықаралық аренада беделі өсті. Қазақстан әлемге танылды.

2017 жылғы 10 маусымда «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме өз есігін айқара ашады. Павильондар дайындауға 100 ел мен 10-нан астам халықаралық ұйым қатысты.