ТАУЛАР ТҮЙІСКЕН ТӨР

Тянь-Шань, Өгем, Қаржантау, Талас Алатауы және Боралдай тауларының түйіскен төрі. Төр десе дегендей. Ғажап табиғат, таза ауа, мөлдір бұлақ, құс пен аңның алуан түрі. Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркінің сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Болдым ғашық, туған дала, мен саған,
Алыс жүрсем, арманым сен аңсаған.
Жақын жүрсем, мен төрінде рахаттың,
Алтын діңгек – өзім туған босағам! — деп ақындар жырға қосқан атамекен — асыл жұртымыздың көрер кереметі көп.  Сондықтан, саяхатты серік еткісі келген жандар ең алдымен Қазақстанның қазына бүккен қойнауымен танысып шықса, өте құптарлық болар еді. Себебі, әр таудың, жон-жотаның, қыр мен сайдың айтар аңызы, қатталған тарихы, шуақты шежіресі бар.

Түркістан облысының Түлкібас, Төле би және Қазығұрт аудандарының ең көрікті жерлерін құшағына сыйдырған Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне кейінгі жылдары келушілердің қарасы қалың. Парк 2006 жылы ұйымдастырылып, қорғауға алынған. Негізгі мақсаты — табиғи байлықтарды сақтап қалу және қазақ жеріндегі экологиялық туризмді дамыту. Аумағы 149 мың гектарға созылып жатыр. Орманды дала биігінен биік таулы алқапқа дейінгі 7 табиғи белдемді қамтиды. Қорықтық, туристік және шектеулі шаруашылық жұмыстарын жүргізетін 3 аймаққа бөлінген. Аумағынан Өгем, Сайрам-Су, Қасқасу, Біркөлік, Машат, Дәу-Баба, Көкбұлақ өзендері кесіп өтеді. Ұлттық парктің ең керемет нүктесі — Сайрам-су көлі. Теңіз деңгейінен 250 метр биіктікте орналасқан. Суының мөлдірлігінен табанындағы тастар алақандағыдай көрінеді.

Ұлттық табиғи паркте өсімдіктермен қатар аң-құстардың да түрі саналуан: ондағы 59 түрлі сүтқоректілердің 10 түрі, 300 құс түрлерінің 30-ы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлер ретінде Қазақстанның Қызыл Кітабына енгізілген.

Парк ішінде туристер үшін түрлі бағыттар ұйымдастырылған. Мәселен, 252 шақырым жерді жаяу кесіп өтсеңіз, 263 шақырым жерді аттылы, 186 шақырымды көлікпен еңсере аласыз. Демалушыларға демалыс үйлері, киіз үй кешені, аңшылар үйі, монша сияқты қажетті жағдайлар қарастырылған. «Өгем» жотасында облыстың ең биік нүктесі — «Сайрам» шыңы бар. Биіктігі 4238 м. Спорттық, экстремалды, бір сөзбен айтқанда, белсенді туризмді қалаған азаматтар елімізден, шет елдерден де келіп жатады.

Туризм — тек демалыс емес, танымды кеңейту, табиғатпен етене жақын екенімізді сезіну. Сондықтан, қым-қуыт тірліктен қолды босатып, шетсіз-шексіз дүниенің ғажабын көріңіз. Қалтаңыздан шығатын қаржы өзгенің емес, өз еліміздің туристік әлеуетін көтеруге сеп болсын.

Нұри ӘДІЛ.