«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ЭКОАКЦИЯСЫН ҚОЛДАУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН БОТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Жыл бойы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Науқан басталғалы еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды тазалық шаралары ұйымдастырылып, сенбіліктер өтуде. Шараларға мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, тұрғындар да белсене қатысуда. Ел азаматтарының белсенділігі туралы Мемлекет басшысы да пікір білдірді:
-«Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясына жүздеген мың адам қатысып, ондаған мың тонна қоқыс жиналды. Мен оларға ризашылығымды білдіремін. Бұл акция тұрақты түрде жалғасады. Аулаларымыз бен көшелеріміздегі, саябақтар мен қорықтардағы, өзен-көлдердегі тазалық пен тәртіптің сақталуы барша азаматқа тікелей байланысты. Біз қоғам ретінде айналамыздағы тазалықтың қадірін біліп, басқа адамдардың еңбегін құрметтеуді үйренуіміз керек-, деді мәлімдемесінде.
Жуырда https://t.me/TazaQazBot боты іске қосылды. Бұл қосымша арқылы ел азаматтары қоқыстарды, тұрмыстық қалдықтарды жинауға, сондай-ақ қаланы абаттандыруға қатысты басқа да мәселелерге өтініш бере алады. Азаматтар өздері туралы мәліметтерді жазып, одан соң тазаланбаған аумақтар жайлы ақпарат беру арқылы акцияға өз үлесін қоса алады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі