«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ҚАЗЫҒҰРТТА ӨТКЕН СЕНБІЛІККЕ 500-ДЕН АСТАМ АДАМ АТСАЛЫСТЫ

Қазығұрт ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында тазалық шаралары қарқынды жүргізіліп келеді. Атқарылған жұмыстар барысында аудан аумағынан өтетін Республикалық маңызы бар «Алматы — Термез» автожолының бойы қоқыстардан тазаланды. Сондай-ақ, шөп ору, ағаштардың түптерін әктеу, бұтау жұмыстары жүргізілді. Шараға ауданға қарасты барша ауыл округтен келген мемлекеттік және қоғамдық қызметкерлер, еріктілер мен тұрғындар қатысып, жалпы саны 500-ден астам адам тазалық жұмыстарына атсалысты.
Жалпы 2024 жылдың 8 сәуірінен бастау алған бұл бастама барысында Қазығұрт ауданында күнделікті ауқымды істер атқарылуда. Аталмыш «Алматы-Термез» тас жолының бойы және 223 ішкі көше бойлары тазаланып, 138,9 шақырымдық облыстық маңызы бар жолдар мен 160,3 шақырымдық аудандық маңызы бар жолдар тазаланды. Сонымен қатар, аудан орталығындағы 93 аялдама сырланып, қалпына келтірілді. Одан бөлек, 1500 ретсіз өскен бұталар алынып, талдардың түптері әктелді. Сондай-ақ, 69,5 шақырым аяқ жол тазаланып, саябақтар және скверлер ретке келтірілді. Нәтижесінде аудан көлемінде өткізілген тазалық жұмыстарына осы күнге дейін 16 365 адам қатысып, 78 техника жұмылдырылды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі