«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» : САРЫАҒАШТЫҚ АРДАГЕРЛЕР АКЦИЯҒА БЕЛСЕНЕ АТСАЛЫСУДА

Сарыағаш ауданында «Таза Қазақстан» акциясын науқан емес, қалыпты өмір дағдысына айналдырып, жыл он екі ай бойы осы бағытта жұмыс жүргізу жолға қойылды. Алдағы уақытта қалада тазалық, абаттандыру жұмыстары жаңаша бағытта үйлестіріліп, жүйелене түспек.
Бүгін әдепкі үрдіс бойынша аудан аумағында сенбілік жұмыстары өтті. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтан бастап, ауданның белсенді ардагерлері, белсенді тұрғындары, еріктілер, жастар тазалық акциясына үн қосты. Өскелең ұрпақтың тәрбиесіне бей-жай қарамайтын сарыағаштық ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер де бүгінгі сенбілікке қатысып, жастарға өнеге көрсетті.
«Жеңіс» саябағында өткен ауқымды тазалық жұмыстарында олар саябақ аумағында бей-берекет тасталған күл-қоқыстарды жинап, шөптерді ору жұмыстарын жүргізді. Одан бөлек, ескерткіштер мен ҰОС ардагерлерінің есімі жазылған ескерткіш тақтайлары сүртіліп, ағаштың сынған қалдықтарын да жүк көлігіне тиеп, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосты. Жалпы аудандық сенбілік шарасына 100-ге тарта адам қатысып, арнайы техникалармен күл-қоқыстар полигонға жөнелтілді.
– Біз әрдайым тазалық акцияларын қолдаймыз. Қоршаған ортаны таза ұстау – әрқайсысымыздың парызымыз. Ұрпақтарымызға таза және көркем табиғат қалдыру – біздің үлкен міндетіміз. Осындай сенбіліктерге қатысу арқылы жастарға да үлгі өнеге болғымыз келеді. Бүгін ұйымдастырылып отырған сенбілік жұмыстарына ауданға қарасты ауылдық округтерден қарияларымыз келіп отыр. Олар өздеріне бекітілген аумақты тазалап, өңірге көрік берген акцияға өз үлестерін қосуда. Жеріміз құнарлы болып, еліміз өркендесін! – деген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстапа Сүлейменов сарыағаштықтарды акцияда белсенділік танытуға шақырды.
Сарыағаш ауданында көпшілікті тазалыққа, табиғатқа жанашырлық танытуға шақыру көздеген шара қоғам белсендерінің қызу қолдауына ие болды. Олар республикалық маңызы бар А-15 тасжолының бойын қоқыстардан тазалап, арамшөптерден арылтты.
Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың бастамасымен тазалық жұмыстарын одан әрі жалғастыру үшін жыл аяғына дейін жоспар жасалып, бекітілді. Жоспарда ағаш көшеттерін егу, білім беру мен мәдениет ошақтары, шағын және орта бизнес, сауда нысандары мен базарлар аумақтарын тазалап, жинастыру, алаңдар мен көшелерді абаттандыру сынды шаралар қарастырылып, көзделген. Тазалықты сақтамаған кәсіпкерлерді, сонымен қатар қоқыстарды бей-берекет тастаған азаматтарды заң шеңберінде жауапкершілікке тарту қарастырылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі