«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТӨЛЕБИДЕГІ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА 1200-ГЕ ЖУЫҚ АДАМ ҚАТЫСТЫ

Төлеби ауданында аптаның әр жұма күні тазалық шарасына арналады. Осыған орай, бүгін аудан аумағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны шеңберінде жалпы аудандық сенбілік ұйымдастырылды.
Тазалық шарасы барысында жолдардың бойы мен арық-атыздар күл-қоқыстан тазартылды. Жабайы шөптер орылып, ағаш бұталары ретке келтірілді. Бұл экологиялық акцияға ардагерлер ұйымының төрағалары, ауыл билері, спортшылар, белсенді жастар, ұстаздар мен тұрғындар қатысты.
Сонымен қатар ауыл имамдары жамағатпен бірге өз округтеріндегі мазараттардың шөбін орып, қоршауларын ретке келтірді. Аумақты күл-қоқыстан тазалау жұмыстарын жүргізді.
Ауыл ақсақалдары елді мекен келбетін көріктендіру, тазалығын сақтау – ең бірінші тұрғындардың қолында екенін айтып, экоакцияны белсенді қолдауға шақырды.
Аудан аумағындағы тазалық шарасына тұрғындар белсене атсалысып, нәтижесінде, облыстық маңызы бар 35 шақырым, аудандық маңызы бар 42 шақырым жол бойлары, 65 шақырым ішкі көшелер тазалынды. Тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шараға 1200-ге жуық адам қатысты.